Ақсайда деструктив діни ағымның өкілі әйелді зорламақшы болды

Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында бейнекамера жазбасы арқылы қылмыскер анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жедел уәкіл қызметкерлеріне қылмыскердің ізін анықтауға қылмыс жасалған аумақта түсірген бейнебақылау камераларының жазбалары көмектесті.

Қылмыс қыркүйектің 9-ына қараған түні Ақсайда болған. Сол күні 1991 жылы туған әйел түнделетіп үйіне келе жатып, жігітті кездестіреді. Ол белгілі бір мекенжайды айтып, мұны әңгімеге шақырады. Алайда танысу барысы күш қолдануға дейін жетіп, зорламақшы әрекет жасайды. Әйел қашып үлгереді. Қылмыскер де оқиға орнынан бой тасалайды.

Үйіне келген жәбірленуші жедел жәрдем шақырып, полицияға хабарласады. Полиция қызметкерлері аталған қылмысты жасады деген күдікпен Ақсайдың 34 жасар тұрғынын ұстады.

Ұсталған азамат деструктив діни ағымның ұстанушысы екені анықталды. Күдікті ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы – 120-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!