"Істеймін деушілерге тегін үйретемін". 22 жастағы жігіт етік тігіп, кәсібін дөңгелетіп отыр

"Істеймін деушілерге тегін үйретемін". 22 жастағы жігіт етік тігіп, кәсібін дөңгелетіп отыр
Фото: Видео кадры

Қазақстанда былғарыдан қазақы нақышта етік тігетіндер саны артып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Павлодар облысының тұрғыны мемлекеттен 5 миллион теңге грант алып, шағын цех ашқан. Жасы 20-дан енді асқан іскер азамат келешекте кәсібін кеңейтіп, шәкірт тәрбиелеу жағын да ойластырып жатыр. Бұл аяқкиім цехының ашылғанына небәрі 2 апта болған.

Тұрсынбек Кеңшіліктің отбасы осыдан 3 жыл бұрын Қытайдан қоныс аударған. Алғашында әкесі ұлының бастамасын құптай қоймаған. Етік тігетін тері мен былғарыдан тапшылық туындайды деп ойлаған. 

"Бұл кәсіп қалай болар екен, тауарды басқа жақтан әкелу керек қой дедім. Сөйтсем, материалдың бәрі Қазақстанның өзінен шығып жатыр екен. Әр облыста әрқалай шығып жатыр. Қой терілерін, сиыр терілерін мәнерлеп, содан кейін осы баламды қолдап, қуаттап жатырмын", - деді Успен ауылының тұрғыны Тұрсынбек Кеңшілік. 

Етік тігуге керек шикізат көзін кәсіпкер оңтүстіктен әкеледі. Кейінгі жылдары былғары баптап, тері илейтін зауыт елімізде көптеп ашылып жатыр. Ең бастысы, өнімнің сапасында мін жоқ.

"Бұл - қолтырауын терісіне ұқсап жасалған терілер. Бұл аяққа жұмсақ әрі ыңғайлы келеді. Аяқкиім шығарсақ та, мәсі тіксек те, бұл терілер өте ыңғайлы. Сондай жұмсақ, созылғыш келеді. Аяққа жұмсақ, батпайды. Ерекшелігі осында", - деді кәсіпкер Ерзада Тұрсынбек.

22 жастағы Ерзада да етікшіліктің қыр-сырын әбден меңгерген. Болашақта шәкірт тәрбиелесем деп армандайды. Әзірге саптама етік, мәсі, кебіспен қатар спорттық және классикалық үлгідегі аяқкиім түрлерін тігіп жатыр.

"Жаңадан бастап жатқандықтан, енді көп аяқкиімді бір күнде шығарып үлгере алмай жатырмыз. Істейтін адам аз болып жатыр. Ал енді істеймін деп жатқан кісілер болса, үйренем деген жастар болса, жақсы болар еді. Мен өзім тегін үйретемін. 3 айдың ішінде бір маман болып шығуына көмектесемін", - деді кәсіпкер Ерзада Тұрсынбек.

Бұған қатысты Успен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы пікір білдірді.

"Бізде "Іскер" бағдарламасы бар. Биыл 20 жоба іске асырылды. Сонымен қатар, "Ауыл аманаты" бағдарламасы. Биыл 2,5 пайызбен 14 жоба қаржыландырылды. Негізгі 90 пайызы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Қалғандары мал сою алаңдарын модернизациядан өткізу және тағы басқа бағыттар бойынша", - деді Успен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Айдос Жақыпов.  

Шағын кәсіпті 5 миллион теңге мемлекеттік грантпен бастаған кәсіпкер айына кем дегенде 50 аяқкиім шығаруды жоспарлап отыр. Экологиялық таза, табиғи материалдардан тігілген өнімге сұраныс жоғары болатынына сенімді. Қазақы аяқкиімдерге интернет арқылы тапсырыс алып, әлемнің кез келген бұрышына жөнелтуге дайын.

Источник: 
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на www.24.kz

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек