Алматы әкімдігі көше жарығына кінәлі жауапсыз компаниямен шартты бұзады

Алматы әкімдігі көше жарығына кінәлі жауапсыз компаниямен шартты бұзады
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі көше жарығына кінәлі жауапсыз компаниямен шартты бұзады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдік мәліметінше, мұның бәрі 2018 жылы Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы, сонымен қатар, "Алматы Қала Жарық" ведомстволық бағынысты ұйымы (АҚЖ) жеке әріптес - консорциуммен "Алматы қаласының сыртқы жарықтандыруды жаңғырту" жобасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) шартын жасасқан кезде басталған. Консорциум құрамында ABM-Vuilding 2007, "Электроремонт" ЖШС және ABM-Project ЖШС сынды үш компания бар.

"Келісім-шартқа сәйкес 2020 жылдан бастап жөндеу жұмысының көлемі 2,5 еседен аса көбейді. Шарт бойынша жеке әріптес 2019-2023 жылдар аралығында 8,1 миллиард теңге инвестициялауға тиіс болды, ал іс жүзінде олардың тек бір бөлігін салды. Жоспарланған инвестициялардың орындалмауы қаланың сыртқы жарықтандыру желісін жаңғырту бағдарламасының орындалмағанын көрсетеді. Операциялық шығындардың өтемақысы жыл сайын жеке серіктестің өтініші бойынша өсті: 2019-2023 жылдар аралығында жөндеуге арналған шығындар 12,08 миллиард теңгеден 28,5 миллиард теңгеге дейін өсті, бұл жекеменшік әріптес жұмыс істеген кезде қаланың сыртқы жарықтандыру желісінің жай-күйінің айтарлықтай нашарлағанын дәлелдейді. Бұл кезеңде жөндеуге арналған сома 16,5 миллиард теңгеге артты, яғни бастапқы құнынан 2,3 есе көп", - делінген хабарламада.

Жекеше әріптес ынтымақтастықтың барлық кезеңінде жұмыстарды орындау мерзімдерін бірнеше рет бұзған. Энергетика басқармасы және АҚЖ 2022 жылдың басынан бастап шарт бойынша жұмыстарды орындау сапасы мен мерзімі бойынша жазбаша түрде бірнеше рет ескерту жолдаған. Бірақ бұл талаптар орындалмаған.

"Жеке серіктес жұмыс жүргізу ережелерін, жобалау және байқау құжаттамасында көрсетілген нұсқаулықтар мен ережелерді, сонымен қатар, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, өрт қауіпсіздігі, азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік нормативтерді елемейді. Оның шарттағы міндеттемелерді орындамауы алматылықтардың көшелерді жарықтандыру мәселесіне шағымын тудырады. Олар мұны Алматы әкімдігінің өкілдерімен кездесулерде, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде үнемі айтып, мемлекеттік органдар мен мекемелердің жұмысына наразылық білдірді", - деді "Алматы Қала Жарық" басшысы Игорь Мысик.

Нәтижесінде жауапсыз жеке әріптеспен шартты бұзу үшін сотқа талап қою туралы шешім қабылданған.

Алматыдағы көше жарығына қатысты жағдайды жақсарту мен қала көшелерінің жарықсыз қалмауы үшін сыртқы жарықтандыру желілері аудан әкімдіктерінің иелегіне өтетіні айтылды. 

Осы жағдайларға байланысты Алматы қаласы мен АҚЖ Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы мәжбүрлі шара ретінде МЖӘ шартын бұзу туралы сотқа тәуелсіз екі арыз жолдаған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова