Жалақы аз, еңбек жағдайы нашар: Абай облысы цемент зауытының жұмысшылары Президентке шағымданды

Жалақы аз, еңбек жағдайы нашар: Абай облысы цемент зауытының жұмысшылары Президентке шағымданды
Фото: Автордан

Жарма ауданында орналасқан "SHARCEM" ЖШС сингапурлық компанияға тиесілі. Цемент шығарумен айналысатын зауыт жұмысшылары жалақының мардымсыздығын, еңбек жағдайларының нашарлығын айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шағым түсірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"SHARCEM" ЖШС-нің қызметкерлері арасында даудың басы жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру, шетелдік жұмысшылар мен қазақстандық жұмысшылардың арасындағы текетірес айырмашылықты болдырмау және жалақыны көтеру жайы мәселелерден бастау алған.

"Бұған дейін аудан әкімдігі және құзырлы облыстық басқарма өкілдері ЖШС иесімен өткізген жиын нәтижесінде осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 200 қызметкердің жалақысын көтеру керек еді. Уәде етілген қызметкерлерге арналған жатақхана мен асханада жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін бітпеді, тағы бір мәселе қазақтар мен шетелдіктер болып бөлініп отырғандығымызда", - деді цемент шығарумен айналысатын зауыт жұмысшысы.

Кездесу барысында жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімдері айтылды. Атап айтқанда, асхананы 30 қыркүйекке дейін, жатақхананы 30 қарашаға дейін аяқтау жоспарланған.

"Ең алдымен, барлық қолданыстағы еңбек келісімшарттарын қатаң сақтау шарт. Біз үшін әр қызметкердің құқығының сақталуы маңызды. Бұдан бөлек, жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде Жарма ауданының тұрғындарына басымдық берілуі қажет", - деді арнайы жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Айта кетейік, аталмыш зауыт 2022 жылы пайдалануға берілген. Оның өндірістік қуаты жылына 1,2 млн тонна цементті құрайды. Кәсіпорында 330 адам жұмыс істейді. Оның 37%-ы Жарма ауданы Шар қаласының тұрғыны.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы