"Ол мұны менсінген жоқ". Қызылордалық тағдырлы ақын үйлену хикаясын айтып берді

"Ол мұны менсінген жоқ". Қызылордалық тағдырлы ақын үйлену хикаясын айтып берді
Фото: Жеке мұрағаттан

Нұрмұхамед Әбілқасымовтың есімі қызылордалықтарға жақсы таныс. Жұрт оны аузына таяқша тістеп, смартфонға өлең жазатын ақын ретінде біледі. Тағдырлы ақынның отбасында  Massaget.kz тілшісі қонақ болып, сұхбаттасты.

Жасы қырық беске таяған ол туған жері - Сырдария ауданының Шіркейлі ауылында түтін түтетіп отыр. Мүмкіндігі шектеулі болса да қиындыққа мойыған емес.

 Жеке мұрағаттан

"Қарындасым Жұлдызға "ағаңа қыз қарап жүр, үйленетін кез келді" дейтінмін. Бір күні мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы облыстық жарысқа барарда "аға, өзіңіз де құр жүрмей қыз қарай келіңіз" деді ол. Құдай аузына салған шығар, сол жарысқа Әйгерім құрбысына ере келген екен. Қарындасымның сөзі мені қайрап, өзім сөз бастадым. Екеуімен бірдей таныстым. Бірақ Алланың қалауымен бағыма Әйгерім бұйырды. 2015 жылы Рамазан айының алғашқы күні танысып, үшінші күні алып қаштым. "Үйдегілер қарсы шығуы мүмкін" деп, Әйгерім құда түсіп келгенімді қалаған жоқ. Сөйтіп, мен Шіркейліден, ол Аралдан шығып, Байқоңырдың тұсында кездесіп, келін ғып түсірдік. Жарасып кететінімізге, жұп болатынымызға қарындасымнан басқасы күмәнмен қарады", - деді кейіпкеріміз.

Ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығы - 18 жас. Әйгерім Нұрланова - қазір 27-де. Жолдасының атын атамайды. Арбаға таңылған адаммен бірге өмір сүретінін ойлап қынжылмағанын, ешқандай қорқыныш болмағанын айтты.

 Жеке мұрағаттан

"Мен де – ІІ топ мүгедегімін. Бір күні үстел теннисі бойынша Қызылордаға жарысқа келдім. Қасымда есту қабілетінен айырылған қыз бар. Отағасыны сол жарыстан көрдім. Таныстықтан кейін "маған құрбыңды сындырып берші" деп, әуелі соған көзі түсті. Ол мұны менсінген жоқ. Сонда да таныссын деген оймен екеуінің арасында "аудармашы" болдым. Бірінің сөзін біріне жеткізіп жүрмін. Ақырында өзімді таңдады", - деді ол.

Олардың бас қосуының өзі – хикая. Қызы үйіне оралмағасын анасы уайымдап полиция шақырған. Олар мән-жайды анықтағасын Шіркейліге іздеп келіп, үй іші абыр-сабыр күйге түскен.

"Әйгерімнің өз еркімен келгенін көргесін қуғыншылар көңілі орнына түсіп, қайтты. "Сенің мамаң мені алғашқыда қабылдамауы мүмкін, бірақ уақыт өте келе кімнің кім екенін біледі" дедім Әйгерімге. Шынында солай болды. "Ауруды қолдан жасап алған жоқпын, тілеп алған жоқпын. Осы күнді 37 жыл күттім. Қызыңызды бақытты қылам деп айта алмаймын. Бақытты қылуға тырысамын" дедім. Қазір, Аллаға шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз", - деді Нұрмұхамед.

Тағдырлы жұптың Қалқаман мен Қарақат есімді егізі өсіп келеді. Кейіпкеріміз ұлына ақын құрдасы Қалқаман Сариннің есімін беріпті. Қазір олар – төрт жаста. Балабақшаға барып жүр.

"Ендігі тілегім - “кімсің?" дегенде "Нұрмұхамедтің баласымыз" деп мені мақтан тұтса, әке атына кір келтірмесе екен", - деді егіздің әкесі.

Кейіпкеріміз сәбиді зарыға күткенін, сол үшін талай табалдырықты тоздырғанын жеткізді.

"Алла маған келіншекті де асықпай берді. Бұл да Алланың сынағы шығар" деп шыдадым. Үш жыл дегеніңіз былайынша білінбегенмен күткен кезде отыз жылдан кем түспейді екен", - деді ол.

Бойдақ кезінде "керек болады" деп жинаған ақшасына екі жыл бұрын үй салып алды. Жарасымды отбасы сол шаңырақта өсіп-өніп келеді.

 

"Мал бағып, кітап сатқаннан түскен ақшаны мамама беріп қоятынмын. Сол шамамен 15-16 мың долларға жетті. Көлік алғанмен өзім айдай алмаймын. Ол бәле ақша құртпаса, қоспайды. Содан баспана салуға жұмсадық", - деді кейіпкеріміз.

Ақындық қасиет оған атасынан дарыған. Жазуға қабілеті барын байқағанмен “аяқ-қолым мынау, қалай жазам?” деген оймен өзін тежеп келген.

"Аузыма қаламсап қыстырып жазсам, бір қатарға бір-ақ сөз сыятын. Бұдан ештеңе өнбесін білдім. Кейін ұялы телефон шығып, жақсы болды. Соған хабарлама ретінде жазып, сақтай беретін болдым", - деді ерекше талант иесі.

Сол өлеңдері осыған дейін "Тағдыр мен жаза", "Тасжарған" деген екі кітапқа жүк болды. Тағы бір кітабының жобасы дайын. "От пен ойын" деген атау да тауып қойыпты. Енді соны теріп, өңдеп беретін, демеуші болатын адам іздеп жүр. Облыс орталығында арнайы шығармашылық кешін өткізу де ойында бар.

"Кезінде Фариза апайдың (Оңғарсынова - авт.) батасын алдым. "Нұрмұхамед, сенің өлеңдерің тәуір" деп мақтағанда төбем көкке бір елі жетпеген", - деді ол.

Кейіпкеріміз қазіргі күні ақын Маралтай Райымбекұлы, Қалқаман Сарин, Толқын Қабылшалармен хабарласып тұрады.

Назерке Саниязова

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы