"Адам емдемесем, ауырып қалам". Қызылордалық сынықшы қызық естеліктер айтты

"Адам емдемесем, ауырып қалам". Қызылордалық сынықшы қызық естеліктер айтты
Фото: Автордан

Қызылордада алдына келген адамның сынған жерін жарты сағатқа жетпейтін уақытта салып беретін сынықшы тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жасы жетпіске таяған Жүзімкүл Ибрайымқызының емшілікпен айналысқанына отыз жылдан асты. Содан бері ем қабылдаған адамда есеп жоқ.

"Өзімді жарнамаламаймын. Бірінен-бірі естіп келіп жатады. Әсіресе, спортшылар, футболшылар. Тіпті Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көршілес шет елдерден іздеп келушілер бар", - деді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, сеанс жарты сағатқа да созылмайды. Құдайдың құдіретімен көпшілігі сүйеніп келген таяғын тастап кетеді.

"Ауру жас, ал сынық уақыт талғамайды. Сондықтан кез келген адам беймезгіл уақытта жүгінуі мүмкін", - деді Жүзімкүл апа.

Сынықшының пациенттерінің ішіндегі ең кішкентайы – төрт айлық бүлдіршін. Шығып кеткен иығын орнына қойып, ата-анасының батасын алған. Ал ең үлкені – тоқсанға таяған қарт. Кереуеттен құлап, жамбасын шығарып алған. Оған да сынықшының шапағаты тиді.
2006 жылғы ең қиын жағдай апаның әлі есінде.

"Жол апатының кесірінен он екі мүшесінің сау жері қалмаған жігіт келді. Жауырыны жарылған, мойыны қисайған. Сол кезде дене мүшесін зорға жинағаным бар. Кейін денсаулығы жақсарып, рахметін айтып, батамды алып кетті", - деді сынықшы.

Кейіпкеріміз бойында емшілік қасиет барын жас кезінде байқаған. Әр мүшел жасқа толғанда қатты ауырып тұрады екен.

"Бір күні түсімде аян берген кезде үш заттың ішінен таяқты алыппын. Сынықшылық қасиетке ие екенімді содан білдім. Оны адам емдеуге пайдаланбасам болмайтынын біліп, 35 жасымнан бастап халыққа қызмет ете бастадым", - деді ол.

Жүзімкүл апа емделушінің көз алдында жазылғанын көріп, содан қуат алатынын айтты.

"Науқас кісілердің аурасы әртүрлі. Шаршап, демалу керек болады. Сол күні адам емдемегеннен өзім ауырып қалам", - деді ол.

Назерке Саниязова

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Қ. Әбілдәқызы