"Жанасып, жамбасымнан сипады". Семейде автобуста ер адам қызға тиіскен

"Жанасып, жамбасымнан сипады". Семейде автобуста ер адам қызға тиіскен
Фото: ATPress.kz

Семейде ер адам автобуста колледж студентіне тиіскен. Полицейлер қала тұрғынын ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қоғамдық көлікте түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. 13 қыркүйекте сағат 5-терде №29 автобусқа отырған орта жастағы ер адам колледж студентіне рұқсатсыз қол жүгірткен.

"Белгісіз ер адам қоғамдық көлікте рұқсатсыз жанасып, жамбасымнан сипап қол тигізген сәтте, айқайлап автобусты тоқтауды өтінгенімнен кейін, ер адам ештеңе істемегендей кейіп танытты. Мен оны видиоға түсіруге тырысып жатқанда, ол телефонымды тартып алып, оны автобус салонының еденіне қарай лақтырды. Қорғаныс әйнегі мен телефон корпусы сынды. Кейін, ол менімен бірге бір аялдамада шығып, бір бағытқа бет алды. Мені үйге дейін шығарып салған автобустағы жігіттің адамгершілігі болмаса, жағдайдың қалай аяқталатыны белгісіз еді", - деді 17 жастағы студент қыз.

Абай облысының полицейлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, ер адамның кім екенін анықтады. Ол ұсталып, Семей қаласының орталық полиция бөліміне жеткізілді.
Ұсталған азамат 35 жастағы қала тұрғыны болып шықты.
Ер адам қылығы үшін ӘҚБтК 449-бабы 1-бөлігі "Қоғамдық орындарда тиісу" бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.
Айта кетері, бұл бап бойынша жеке тұлғаларға ескерту жасау не 5 АЕК мөлшерінде (17 250 теңге) айыппұл салу жазасы қарастырылған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы