Ақтөбеде көпірдің астынан өз-өзіне қол жұмсаған студент өлі табылды

Ақтөбеде 19 жастағы студент көпірдің астында асылып өлді. Ал бұл - кейінгі екі күнде тіркеліп отырған екінші оқиға. Күні кеше көршілерінің қорасында 11-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсады. Екі жағдайда да туыстары әуелі оларға іздеу салып, кейін өлі күйінде тапқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Студент қаладағы университеттің 2-курс студенті болған. Сәрсенбі күні кешке ол үйден шығып, кейін оралмаған. Кеше көшеде кетіп бара жатқан жолаушы көпір астында асылып қалған ақтөбелікті тауып алған.

Полицияның ресми нұсқасы - суицид. Мұндай қадамға не түрткі болғаны анықталып жатыр.

Жыл басынан бері қалада 50-ден астам өз-өзіне қол жұмсау дерегі тіркелген. Өз өмірін қимақ болған 150 адам аман қалды, деп хабарлайды құқық қорғау органдары.

"Заречный кентіндегі "Юрта" мейрамханасының жанындағы көпірдің астынан өтіп бара жатқан адам 19 жастағы жігіттің мәйітін тауып алған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетті. ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деді Ақтөбе облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз