Ақтаулық жалғызбасты әйел 20 жылдан бері көше сыпырады

Коммуналдық мекемеде таң атқаннан кеш батқанға дейін, бел жазбай еңбек ететін қарапайым жұмысшыларды біле бермейміз. Олар қала ұйықтап жатқанда еңбекке кіріседі. Солардың бірі Ақтаулық Сұлухан Бадашова 20 жылдан бері көше сыпырады. Ісіне адал әйел Ақтаудың ең таза қала болуына айтарлықтай үлес қосып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Сұлухан Бадашованың күнделікті тірлігі таңғы сағат 5-те басталады. Балаларын мектепке жіберіп, сағат 6-да жұмыста болады. Келе сала өзіне бекітілген аумақтың тазалығына кіріседі. Осылайша, ол коммуналдық салада 2003 жылдан бері жұмыс істейді.

"Қиын жұмыс, оңай емес. Таңнан күн батқанша жұмыс істейміз. Ыстық-суыққа қарамай, әйтеуір бала-шағаны асырау үшін еңбек етіп жүрміз. Ақтаудың таза болуы өзіміздің еңбегіміздің тазалығы деп ойлаймын", - дейді ол.

Сұлуханның жолдасы өмірден ерте озған. Жалғызбасты ана содан бері өмірдің түрлі қиындығына мойымай, отбасын өзі асырап отыр. Әріптестері оны қайсар әйел деп таниды.

Коммуналдық кәсіпорында 300-ден аса жұмысшы еңбек етеді екен. Олар 20 бригадаға бөлініп, аптаның 6 күнінде шағын аудандарды қоқыстан тазартады. Сұлухан Бадашованың бригадасында 25 адам бар. Соның 19-ы - нәзік жандылар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!