Маңғыстау облысында тұрғындар тасжол сапасына шағымданды

Маңғыстау облысында тұрғындар тасжол сапасына шағымданды
Фото: elements.envato.com

Маңғыстау облысы тұрғыны Ақтау мен Форт-Шевченко қалаларының арасындағы тасжолға шағымданған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, жол тегіс емес, ал әкімдіктегілер сауалға жауап беруден қашады екен.

"Құрметті облыс және қала әкімдері! Менімен бірге Ақтау-Форт Шевченко тасжолына шығуға ұсыныс білдіремін. Жолдың қандай тамаша екенін бірге көрейік. Асфальттың биіктігі сонша - жолда келе жатып, көлік секірген сәтте рөлді ұстап отырудан басқа амал жоқ!" - дейді желі қолданушысы шағымында.

Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, бұл жолды өңдеу жұмыстары 2024-2026 жылдарға жоспарланған.

"Сіз айтқан облыстық тасжол 2024-2026 жылдарға арналған қайта құру жоспарына енгізілген. Қазір ЖСҚ әзірленіп жатыр, мемлекеттік сараптама қорытындысын алу 2023 жылдың IV тоқсанына жоспарланған. Сонымен қатар, тасжолдың тегіс емес жерлерінде тиісті жол белгілері орнатылғанын хабарлаймыз", - делінген Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарламасында.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова