Автобусқа отырып үлгермей қалған: Шымкентте жоғалған бала табылды

Автобусқа отырып үлгермей қалған: Шымкентте жоғалған бала табылды
Фото: видеодан алынған кадр

Шымкентте жергілікті тұрғын ұлы жоғалғанын айтып, полицияға жүгінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Қала тұрғынының айтуынша, 8 жасар баласы футболдан спорт секциясына барады. Ол сол күні әдеттегідей таңертең арнайы автобус алып кететін жерге шыққан. Бірақ біраз уақыттан кейін оларға футбол жаттықтырушысы бала неге сабақта жоқ екенін білу үшін қоңырау шалған.

Баласына алаңдаған әке дереу полицейлерге хабарлаған. Жоғалған баланы іздеуге Абай аудандық полиция басқармасының барлық жеке құрамы жұмылдырылған. Полицейлер көрші көшелерді және оқушы баруы мүмкін жерлерді қарап шыққан.

Нәтижесінде учаскелік инспекторлар бір сағат ішінде үйден 5 шақырым қашықта жылап, қорқып жүрген баланы тапты. Балақай автобусқа үлгермей, спортзалға жаяу баруды ұйғарып, кейін адасып кеткені белгілі болды.

Бала үйге аман-есен оралды. Баланың ата-анасы тәртіп сақшыларына жедел жұмысы үшін алғыс білдірді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Баланың жынысын УЗИ-ден бұрын қалай анықтауға болады?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова