Семейде қаза тапқан орман резерваты қызметкерлеріне мемориалдық тақта орнатылды

Семейде қаза тапқан орман резерваты қызметкерлеріне мемориалдық тақта орнатылды
Фото: Автордан

"Семей Орманы" МОТР" РММ басшылығы, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қызметкерлерінің салалық кәсіподағы ірі өртте қаза тапқан орман резерваты қызметкерлерінің отбасыларымен кездесіп,Успенка ауылында ескерткіш тақтаның ашылуында батырлар рухына тағзым етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Батырларды еске алу құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. Резерват директоры Қайрат Хасенов өрттен кейін төрт ай өтсе де, әлі күнге дейін уәде етілген бір де бір өрт сөндіру көлігі алынбағанын айтты.

 

"Резерват қайырымдылық жолымен жиналған қаражат есебінен отбасыларға 30 млн. теңгеден астам сомаға материалдық көмек көрсетті. Кәсіподақ төрағалары, филиалдардың директорлары және резерват қызметкерлерімен өткен кеңес барысында автопарк, техниканың тозуы, қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі, кадр тапшылығы, тұрғын үй үшін баспананың болмауы сияқты проблемалық мәселелерді талқыландық. Өрттен кейін төрт ай өтсе де, әлі күнге дейін уәде етілген бір де бір өрт сөндіру көлігі алынбаған. Алдағы уақытта 1,02 млрд. теңге сомаға Камаз базасындағы өрт сөндіру автоцистерналарын сатып алу процесі жүргізілуде. 14 бірлік шағын орман өрт сөндіру кешендері (ШОӨК) жеткізіледі деп күтілуде. 4 бірлік өрт сөндіру автокөлігі сатып алынады деп күтілуде", - деді Қайрат Хасенов.

Сондай-ақ уәде етілген жұмысшылар жалақысына да тоқталды.

"ОШжЖД Комитеті жалақыға 70% үстемеақы төлеу үшін шамамен 840 млн.теңге бөледі. Бұл еңбек әлеуетін сақтауға мүмкіндік береді және қызметкерлер арасындағы әлеуметтік жағдайға оң әсер етеді. Осылайша, "Семей орманы" МОТР ағымдағы жылдың соңына дейін алға қойылған мақсаттар мен жоспарларды орындайды", - деп атап өтті Қайрат Хасенов.

Еске салайық, биыл 8 маусым күні "Семей орманы" резерватының Бородулиха ауданындағы Жаңашүлбі филиалынан шыққан өрт 14 орманшының өмірін жалмаған болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы