"Жұрт "қыдырып жүреді" деп күледі". Ауыл мұғалімдері тасжолда ноутбукпен жұмыс істеуге мәжбүр

"Жұрт "қыдырып жүреді" деп күледі". Ауыл мұғалімдері тасжолда ноутбукпен жұмыс істеуге мәжбүр
Фото: otyrar.kz

Түркістан облысындағы мұғалімдер мақтаулы "Күнделікті" толтыру үшін көрші ауылға күнде сандалып жүр. Себебі Аққұм ауылында не байланыс, не мобильді интернет жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Олар оқушылардың бағасын электрон күнделікке енгізу үшін ондаған шақырым жол жүреді. Ал оны жасамаса түсініктеме жазып, тіпті жұмыстан қуылуы мүмкін екен. Осыдан қорыққан отыз шақты мұғалім мектептен шыға сала, такси жалдап, интернеті бар ауылдарға сабылады. 

Не байланысы, не интернеті жоқ Аққұм ауылында ғаламторға жалғанған жалғыз компютер тек мектепте бар. Оның өзі айына 10 гигабайт шектеумен берілген. "Бар" деген аты болғанымен, іс жүзінде бір адамның қажетіне жарамайды. Соның салдарынан мұндағы оқушылар заман көшінен қалып қойған. Ғаламтордың не екенін білмейтін балалар информатика пәнін кітаптан оқып жүр. 

"Әзірге бізде оқушылардың интернетке кіруге мүмкіндігі жоқ. Оқушылар тек теория жүзінде кітаппен және компютермен жаңағы жұмыс істейміз. Практика жоқ, интернет жоқ. 10 гигабайт дегеніңіз қанша күнге жетеді ол? 10 гигабайтты бізге 30 күнге жоспармен берген. Ол ары барса 34 күнге жетеді. Көрші ауылға баруға мәжбүрміз", - деді мұғалім Алмасбек Сарман.

Аққұмда 30-дан аса мұғалім жұмыс біткен соң, бірден үйіне қайтпайды. Себебі электрон күнделік толтыру керек. Оны толтырмаса сөгіс алады, жұмыстан шығарылады. Сондықтан сабақ біте сала, интернеті бар көрші ауылға жүгіреді.

Мектепке директор мен қарауылды қалдырып, ұстаздар жаппай көлік іздейді. Біреуі танысымен, енді бірі такси жалдап, 10 шақырым жердегі интернеті бар Алтын төбе ауылын бетке алады. Ноутбугын құшақтаған күйі көбі көшеде отырып, бір күннің жұмысының есебін толтырады. Жауын-шашын кездері таныстарының үйін жағалайды. Ал күн сайын барып келу қып-қызыл шығын. 

"Егер адам көп болса, 200 теңгеден шығарамыз. Бір өзің болсаң, 1000 теңге беремін күн сайын. 500 теңге, мың теңгеден. Таныстар болса, арзан алады. Тоқсанның басында қортыныды есеп жасаймыз. Сонда біз сағат 01:00-ге дейін істейміз. Бала-шаға үйде қараусыз қалады. Не мектепте емеспіз, не үйде емеспіз. Жұрт күледі Аққұмның мұғалімдері сыған сияқты жүреді немесе қыдырып жүреді деп. "Бұларға рахат" дейді. Бізге рахат емес. Қараусыз бала-шаға. Мектепте отырсақ жақсы емес пе, көп нәрсе істейміз ғой. Уақыттың бәрі жолға кетеді. Қайтарда жаяу-жалпы қайтамыз", - деді мұғалім Құралай Қожабергенова.  

Аудан әкімдігі Аққұмға орнатылған базалық станция дұрыс қойылмаған дейді. Оны жақсарту бойынша облысқа да бірнеше мәрте хат жолданған. Әзірге нәтиже жоқ. Сондықтан шенеуніктер шалғайдағы ауылға талшықты оптика желісін тарпайынша, интернет мәселесі шешілмейтінін айтты.

"Құдай қаласа, биыл және ендігі жылы оптика желісін жүргізеді. Сол кезде негізгі станциясының сапасы жақсарады деген үміттеміз. Оптика жүргізген кезде оптика желісін тарту арқылы модернизация жасап, 4G байланыс желісіне қосуға мүмкіндік болады", - деді Қазығұрт ауданы әкімдігінің ұйымдастыру инспектор бөлімінің бас инспекторы Ерсайын Нұрлыбек.

Аққұм ауылында интернет келер жылға дейін болмайды. Сондықтан мұғалімдер электрон күнделікті толтыру үшін күн сайын көрші ауылға қатынауына тура келеді.

Тағы да оқи отырыңыз: Сөз арасындағы кідірістің қандай түрлері бар?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек