Жамбыл облысындағы сарбаз өлімі: әскери прокуратура үкімге шағымданады

Жамбыл облысындағы сарбаз өлімі: әскери прокуратура үкімге шағымданады
Фото: gov.kz

Әскери прокуратура Жамбыл облысындағы сарбаздың өліміне қатысты үкімге шағымдануға ниетті. Бұл туралы бас әскери прокурор Дастан Секенов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Биыл 24 тамызда Шымкент гарнизондық соты Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара заставасында мерзімді әскери қызметшіні өз-өзіне қол жұмсауға жеткізді деген күдікпен 40 жастағы аға сержант А.Нұртайды ақтады. Соған қарамастан, сот оны қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, бопсалағаны үшін кінәлі деп тауып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырды.

Бүгін журналистер Сенат дәлізінде істің мән-жайын бас әскери прокурор Дастан Секеновтен сұрады.

"Үкім шықты. Өзін-өзі өлтіру дерегі бойынша материал жеке өндіріске бөлінді. Біз бұл үкіммен келіспейміз, оған шағымданамыз. Мен шағымдану қорытындысы шыққаннан кейін сіздерге ақпарат бере аламын. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін іске ораламыз. Біздің бастапқы нұсқамыз - ол келісімшарт жасаушының кесірінен өз-өзіне қол жұмсады", - деді ол.

Айта кетейік, 2022 жылы тамызда Жамбыл облысында 18 жастағы мерзімді сарбаз өз-өзіне қол жұмсады. Мерзімді қызметкер қайтыс болғаннан кейін бес әскери қызметкер жұмыстан шығарылды.

2023 жылы 20 қаңтарда ұсталған адамның адвокаты Сержан Пралиев баспасөз мәслихатын өткізіп, онда жүргізілген биологиялық сараптаманың нәтижелері туралы айтты.

Еске салайық, бұған дейін сот командирге үкім шығарғаны хабарланған еді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә