"6-8 ай бұрын сатып алу керек". FlyArystan билет бағасына қатысты сынға жауап берді

"6-8 ай бұрын сатып алу керек". FlyArystan билет бағасына қатысты сынға жауап берді
Фото: polet.me

Қазақстандық лоукостер FlyArystan әуе компаниясы Мәжіліс депутатының әуе билеттерінің бағасына қатысты сынынан кейін мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев FlyArystan компаниясының баға саясатын сынға алды. Оның пікірінше, қазақстандық лоукостер әуе компаниясы билеттерді AirAstana мен басқа компаниялардан арзан сатпайды, дегенмен бастапқыда FlyArystan ұшағы 10 мың теңгеден аспайды деп айтылған.

Компанияның баспасөз қызметі бұған қатысты түсінік берді.

"FlyArystan – Қазақстандағы алғаш лоукост әуекомпания. Қазіргі күнде оның қызметтерін 10 миллионнан астам адам пайдаланып, олардың 49 пайызы әуе билеттерін 15 000 теңгеден төмен бағаға сатып алған. FlyArystan нарықта пайда болғанда Қазақстанда миллионнан астам адам өмірінде алғаш рет ұшақпен ұшты. 2019 жылдан бастап "FlyArystan эффектісі" Қазақстанда барлық әуебилет тарифін 50 пайызға арзандатты. Оған қоса, жалпы әуетасымалдау көлемі 300 пайызға артты", - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Әуе компаниясы іске қосылғаннан кейін 2019 жылдың көктем-жаз маусымына арналған ең төменгі тарифтегі билеттер ұшу күнінен 2-4 апта бұрын сатылғанын, алайда 4 жылдан кейін статистика күрт өзгергенін ескертті.

"Барлық бағытқа билеттерді алдын ала сатып алу мерзімі - 6-8 ай. Сондықтан осы жазға жолаушылар билеттердің негізгі бөлігін жыл басында сатып алған. Айта кетейік, 2019 жылдан бері билеттердің ең төменгі бағасы өзгерген жоқ, тек жолаушылардың саны көбейіп, сапарларын ертерек жоспарлай бастады", - делінген хабарламада.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан