Шымкент тұрғыны қызғаныштан адам өлтіріп қойған

Шымкент тұрғыны қызғаныштан адам өлтіріп қойған
Фото: pexels.com

Шымкентте адам өліміне күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

12 қыркүйекте сағат 12:30 шамасында полицияның "102" арнасына көпқабатты үйдің кіреберісінде жергілікті тұрғын соққыға жығылғаны туралы хабарлама келді. Шақырту түскен мекенжайға Тұран ауданының полицейлері мен жедел жәрдем барды. Медицина қызметкерлері 35 жастағы азамат қайтыс болғанын мәлімдеді.

Жедел тергеу тобы жәбірленушіні оның бірге тұратын әйелінің бұрынғы сүйіктісі қызғаныш үстінде ұрып-соққанын анықтады. Қарсыласының есінен танып қалғанын байқаған қаскүнем дереу оқиға орнынан қашып кеткен. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктінің сырт келбеті мен жеке деректері көрсетілген бағдарды алып, оны шұғыл іздеуге кірісті.

Полицейлер қашып кеткен адам бірінші кезекте жеке заттары мен құжаттарын алу үшін үйіне барады деп болжады.

Күдіктінің Түркістан облысы Ленгер қаласының тұрғыны екені және оның автокөлігі жоғын білген жедел уәкіл бірден такси жүргізушілерінің тұрағына барды. Жүргізушілердің бірі іздеудегі ер адамға ұқсайтын күдікті жаңа ғана Alphard-қа мініп кеткенін айтқан.

Полиция қызметкері дереу оның ізіне түсіп, көлікті Тоғыс елді-мекенінде тоқтатып, ер адамды ұстады. Ұсталған адам полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі (Аайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова