Оқушыларға ҰБТ тапсыруға берілетін уақыт қысқарады

Оқушыларға ҰБТ тапсыруға берілетін уақыт қысқарады
Фото: instagram.com/testcenterkz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек алдағы ҰБТ-да қандай өзгерістер болатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Басты өзгеріс тест сұрақтарының санына қатысты болады. Бұл орайда жалпы сұрақ саны өзгеріссіз қалады.

"ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Атап өтейін, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Бұл өзгерістер - тест тапсырмаларының сапасын арттыру мен олардың функционалдық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын бағалаудың әлемдік стандарттарына сәйкестігі бағытындағы жұмыстардың қисынды жалғасы. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ", - деді министр.

Сонымен қатар, енді оқушылардың ҰБТ тапсыру уақыты қысқарады.

"Қазақстан тарихынан" 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығынан" 10 тапсырма, "Математикалық сауаттылықтан" 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма болады. Жоғары балл - 140, ол да өзгеріссіз қалды. Жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты тестілеу уақыты қысқарады. Енді ҰБТ тапсыруға оқушыларға 3 сағат 30 минут (210 минут) бөлінеді. Бұрын 4 сағат (240 минут) берілген. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек", -деп жазды Саясат Нұрбек.

Бұл орайда шығармашылық бағытты таңдайтын талапкерлерге қатысты да біраз өзгеріс болады.

"Биылғы тағы бір жаңалық шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлерге қатысты, енді олар "Қазақстан тарихы" мен "Оқу сауаттылығы" пәндерімен қатар "Математикалық сауаттылықты" міндетті пән ретінде тапсырады. "Математикалық сауаттылықтан" тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімдерін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталғанын атап өткім келеді, сондықтан бұл пән барлық тестке тапсырушы үшін міндетті", - деді министр.

Шенеунік бейіндік пәндерге қатысты қандай өзгерістер болатынын айтты.

"Бейіндік пәндердің комбинациясы бойынша да өзгерістер бар. Оқушылардың, ата-аналардың және педагогикалық қауымның пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, "B059 – Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар", "B055 – Математика және статистика", "B063 – Электротехника және автоматтандыру" білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер "Математика-Информатика" комбинациясын тапсырады. Қорытындылай келе, өткен жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігін ресми түрде бекіткенін еске салғым келеді. Егер ақылы негізде түсу үшін ҰБТ тапсырудың тағы үш мүмкіндігі бар екенін ескеретін болсақ, онда 2024 жылғы талапкерлер тестілеуден бес рет өте алады", - деп түйіндеді Саясат Нұрбек.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев алдағы жылы түлектерді қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтқаны хабарланған еді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова