Киіктерді атуға ресми түрде рұқсат берілді

Киіктерді атуға ресми түрде рұқсат берілді
Фото: Тұрар Қазанғапов

Киіктерді атуға ресми түрде рұқсат берілді. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов мұндай Үкімет қаулысы бір ай бұрын қабылданып қойғанын растады. Бірақ киіктің етін, мүйізін қалай пайдаланатыны әзірге пысықталмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Екі жылдан бері созбалаңға салынып келген мәселеге қатысты түпкілікті шешімнің қабылданғанын экология министрлігі әзірге хабарлаған жоқ.

"Хабарым бар. Ресми түрде рұқсат берілген. Осы айдың басында-ау деймін. 300 мыңға жуық киікті атуға болады деген. Бірақ әдісін де, содан кейін етін, мүйізін қайда жіберетінін, қалай пайдаланатыны сол әлі шешілмеген сыңайлы", - дейді Дүйсенбай Тұрғанов.

Соңғы санақ бойынша еліміздегі ақбөкен саны 2 миллионға жетіп жығылған. Әсіресе, батыс аймақтардағы шаруалардың егістігін отап, берекесін алғаннан кейін Президент жауапты ведомстваға тиісті шешім шығаруды тапсырған еді. Одан бері салаға жауапты министр екі рет ауысып үлгерді.

Биыл облыс шаруаларына киіктен келген залал 8 миллиард теңгеге жуықтаған. Ақбөкендер 1 миллион 284 мың гектар жайылым-шабындықты таптап, 5 мың гектар егінді отап кеткен. Қазір тиісті есеп-қисап Үкіметке жіберілген.

"Сол өзінің аумағына жақын үш ет комбинатымен әзірлік пысықталып жатыр. Бұл үш комбинат тәулігіне 1900 басқа дейін соя алатын мүмкіндігін көрсетіп отыр. 4 мың тонналық тоңазытқыш камералары істеп тұрған. Бұл - Жаңақаладағы ет тоңазыту комбинаты және Ақжайық ауданында орналасқан ет сою орны. Енді оның ар жағында өңдеу жұмысы Кублейде. Ертең бұл басталған уақытта сонда өңделетін болады", - дейді БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин.

Еске салайық, бұған дейін атбасарлық шаруалар киіктердің шабуылынан шығынға батқаны хабарланған еді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова