"Мектепті діни ағымдардың ортасына айналдырмауымыз керек". Қошанов даулы мәселеге қатысты пікір білдірді

"Мектепті діни ағымдардың ортасына айналдырмауымыз керек". Қошанов даулы мәселеге қатысты пікір білдірді
Фото: Freepik

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мектепте хиджаб киюге байланысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс төрағасы балалар мен оқытушыларды басқа мәселеге алаңдатпауын сұрады. 

"Шынында да бұл мәселе бойынша алуан түрлі пікірлер айтылып жатыр. Оны өздеріңіз де біліп отырсыз. Бірақ біз - зайырлы мемлекетпіз. Сонымен қатар, Конститутциямызда дін бостандығы туралы жазылған. Өзінің діни рәсімін жасаймын деген адамдарға шектеу жоқ. Өзінің діни рәсімін атқарамын деген азаматтарға қай дінді ұстанса да, мешіт пе, шіркеу ме, жоқ әлде басқа да діни орталықтарына барып, діни рәсімдерін өткізуге мүмкіндіктері бар. Ал мектепке келсек, оқу орнын саяси немесе діни ағымдардың ортасына айналдырмауымыз керек, ол - білім ордасы. Мектепте тек білім берілуі керек. Сондықтан біз балалар мен оқытушыларды басқа мәселеге алаңдатпауымыз керек және министрліктің мектепте қандай формаға қатысты стандарттары бар. Сол стандарттарды ұстану керек", - деді спикер.

Еске салайық, бұған дейінгі Үкімет отырысында Ғани Бектайұлына "хиджаб киюуге рұқсат бересіздер ме, жоқ әлде бермейсіздер ме" деген сұрақ қойылған болатын. Министр бұл сұраққа жауап беруден жалтарды.

"Біз бірнәрсені түсінуіміз керек. Біз бәріміз оған келістік, Конституцияда жазылған, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан Конституцияға сәйкес мектептерде өмір сүруі керек деп есептейміз", - деген еді шенеунік.

"Иранның әйелдері өз құқығы үшін қалай күресіп жатыр?" Баян Мақсатқызы мектепте хиджаб кию туралы айтты

Кейінірек министр даулы мәселеге қатысты тағы да пікір білдірді. Сонымен қатар, бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстанның ұстанымын айтты. 

Кейін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мектепке ақ және көк түсті орамал тағуға рұқсат беруді ұсынды. Хиджаб мәселесіне қатысты мүфтияттың ұсынысы Оқу-ағарту министрлігіне әлі жетпеген. Діни басқарманың ақ пен көк түсті орамал тағуға рұқсат беру туралы ұсынысы министрлікке жете сала, ресми жауап болатынын айтты.

Серік Құдайбергенұлы

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек