Биыл нансыз қалмасақ та, келесі жылы тапшылыққа ұшыраймыз - депутат

Қазақстанда келесі жылы астық тапшылығы байқалуы мүмкін. Мұндай мәселені Мәжіліс отырысында депутат Аян Зейнуллин көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат жаңа ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа сауал жолдады.

"Астық өндірісіндегі биылғы жағдай көңілге үрей салып, шаруаларды ғана емес, күллі ауыл жұртын алаңдатып отыр. Бүгінде астық алқаптарының 28 пайызы ғана жинап алынған. Былтыр дәл осы кезеңде бұл көрсеткіш 2 есе жоғары болатын. Бұған дейін құрғақшылық құрсауында болған диқаншылар дәл қазір, науқан қызатын шақта жауыннан көз аша алмай, табиғаттың кезекті соққысына тап болып отыр", - дейді депутат.

Оның сөзінше, солтүстік өңірде аралау барысында қамбада тұқым жоқ екені байқалған.

"Биыл нансыз қалмасақ та, келесі жылы бидай мен арпа тапшылығына ұшырайтынымыз хақ. Себебі көктемде егілетін тұқым көлемі қажеттіліктің 10/1 бөлігін ғана қамтамасыз етуі мүмкін. Нақты жағдаймен танысу үшін жақында ғана Қазақстанның солтүстік облыстарындағы 16 шаруа қожалығын аралап шықтым. Қамбада тұқым жоқ! Азық-түлік келісім шарт корпорациясында жатқан 362 мың тонна астық тауарлық бағытта, тұқым ретінде пайдаланып жатсақ, сапасы төмен болады. Шаруашылықтардың оны екпейтіні белгілі. Мемлекет меншігіндегі ғылыми институттар, тәжірибелік станциялар мен шаруашылықтардың аз да болса тұқым өндіретін мүмкіндіктері бар. Алайда олар мемлекет тарапынан тұрақты қаржылық қолдау көрмеген соң қолда бар егіс алқаптарды тұқым өндіру емес, пайдасы көп дақылдар егіп, "жан бағу" мақсатында пайдаланып жүр. Ресми деректерге сәйкес соңғы 5 жылда олардағы тұқым өндірісінің көлемі бірнеше есеге төмендеген (2022 жылыаталған ғылыми ұйымдарда 60 мың тонна тұқым болған, оның тең жартысы элиталық, қалғаны 1-2 репродукция). Сорақысы сол, ғалымдардың айтуынша, бүгінде тұқым шаруашылықтарымен айналысатын ғылыми мекемелерде ұрлық етек алған. Тұқымды алқаптан тікелей сатып жіберу, нақты орақ мәліметін әдейі жасыру немесе төмен етіп көрсету фактілері бар", - деді Зейнуллин.

Депутат дән сатып алатын Ресейдегі жағдай да мәз емес екенін, олар өздеріндегі проблемалардың алдын алу үшін экспортқа тұқым шығаруды шектеуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!