"Төрт ауысыммен оқиды, екі шақырым жаяу жүреді". Қошмамбеттің оқушылары білімді азаппен алып жүр

Карасай ауданына қарасты Қошмамбет ауылындағы 600 балаға арналған білім ордасында 2526 бала білім алып жатыр. Оқушының көптігі соншалық тіпті мектептегі балалар 4 ауысыммен оқытылады. Бұл білім ордасында ауыл балаларынан бөлек МТФ-2 елді мекенінен 812 бала 2 автобуспен қатынап жүр. Алайда тасымалдауға мұқтаж оқушы мұнымен бітпейді. Сол ауылдың мектебінен 2 шақырым қашықтықта орналасқан Ақтас, Қостерек деп аталатын жаңа құрылыс аумағынан 500-ге тарта бала қатынап білім алады. Ата-аналар айына әр балаға 8000 теңге төлеп, такси жалдап осы мектепке тасып, оқытып жатыр. 7 адамдық көлікке 25-30 бала мінгесіп баратын көрінеді. Жолдың нашарлығына байланысты ауа райының қолайсыз уақытарында "баламыз мектепке бармайтын сәттер жиі болады" дейді тұрғындар. Massaget.kz тілшісі оқиға орнына барып, мәселені егжей-тегжейлі зерттеп қайтты. 

"Бала басына 8000 теңге төлейміз"

Қошмамбеттегі қарашаның мектеп басшылығынан автобус сұрап жүргеніне бір жылдан асты. Алайда мектеп пен үйдің арасындағы қашықтық 3 шақырымнан аспағандықтан тасымалдау қызметі қарастырылмай келеді. Бірақ тұрғындар жолдың нашарлығы ескерілмейді деп отыр. 

"Тасымалдаушы автобус қою үшін мектептен арақашықтық 3 шақырым болуы керек дейді. Бірақ жолдың сиқы мынау. Баламыз батпақта мектепке бара алмайды. Ай сайын әр балаға 8000 теңгеден төлеп такси жалдап қойдық. 7 адамдық көлікке 25-30 баланы тиеп алады. Амал жоқ, мінгіземіз. Қазір ештеңе емес, батпақта қалың киімдерімен қалай барады? Менің мектепте 4 балам оқиды. Жұмыссыз үйде отырған анаға өте қиын", - дейді ауыл тұрғыны Анура Елубаева. 

"XVIII ғасырда өмір сүріп жатқандаймыз"

Жаңа құрылыста тұратын әр отбасыда мектепке қатынайтын кемі 3 бала бар. Ал бұрын егін алқабы болған аумақпен бала түгіл ересек адамның жүруі - мұң. Бұқара балшыққа белшеден батып жатыр. Әкімдіктен қайыр көрмеген ағайын амалы таусылған соң әр жыл сайын 30 мың теңгеден жиналып қиыршық тас төктіреді екен.  

"Мектеп алыс. Әр отбасыда кемі 3 бала бар. Жол мәселесі әбден шаршатты. Әкім келмейді, мүлде жұмыс істемейді. Біз жаңбыр жауса, белшеден батпаққа батамыз. Өзіміз 30 мың теңгеден төлеп, қиыршық тас төктірдік. Әйтпесе жүру мүмкін емес. Құдды бір 21-ғасырда емес, 18-ғасырда өмір сүріп жатқандаймыз", - дейді Алмагүл Әлімбекова. 

"Оқушылар 4 ауысыммен білім алады"

Ал Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектептің жағдайы тіптен нашар. 600 балаға арналған білім ордасында 2526 оқушы білім алады. Мектепалды даярлық тобымен қосқанда 4 ауысым білім береді. 

"Бұл мәселені облыстық білім басқармасынан бастап бәрі біледі. Бұл мәселенің көтерілгеніне 3 жылдан асты. Биыл 1-сыныпқа 320 бала қабылданды. Бұл 10 сынып комплектісінен тұрады. Әр сыныпта кемі 26 бала оқып жатыр. МТФ-2 елді мекенінен 2 автобуспен 812 бала қатынап білім алады. 2022-2023 жылдан бастап 3 ауысымға ауысқаннан кейін дәлізді бөліп, қосымша 5 кабинет жасадық", - дейді мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Гүлнар Жанұзақова. 

Бас аяғы 38 кабинетте 87 сынып комлектісі, қосымша 4 мектепалды даярлық тобы оқытылады. 204 орындық асханада 1200 бастауыш сыныптың баласы тамақ ішеді. Мектеп басшылығы "барлығы кезекпен ішеді, бір-біріне кедергі келтірмейді" дегенімен таршылық сезіліп тұр. Бала кезектесер, бірақ мектеп тапшылығы деген кезек күттірмейтін мәселені жергілікті жауаптылар 3 жылдан бері неге созбалаңға салып жүр?

Әкімдік қашанғыдай "қарастырамыз" деген құрғақ уәдемен қатырды

Бастауыштың баласын бір есіктен, үлкен сыныптарды басқа есіктен кіргізіп жатқанын да аңғардық. Бұл мәселені шешу үшін МТФ-2 "Жайлы мектеп" жобасы аясында 1200 орындық мектептің құрылысы басталған. Әкімдік мәліметінше, құрылыс 2024 жылғы желтоқсанда аяқталады. Ал балаларды тасымалдау мәселесі білім басқармасында екенін жеткізді. Алайда жаңа құрылысқа жол салуды "жоспарға енгізуді" қарастырамыз деп қысқа қайырды. 

Жамбыл ауылдық окургінің әкімі Еламан Омербаев

"Қошмамбетте 45 көше болса, соның алтауында асфальт жабыны бар. Биыл тағы да 5 көшеге тасжол төсеп жатырмыз. Бірінші кезекте біз әлеуметтік нысандар бар көшелерге жол салуды қарастырамыз. Тасымалдау мәселесі білім бөлімінің құзырында. Заң бойынша мектеп пен үйдің арасы 3 шақырымнан асса, тасымалдау жүргізіледі. Ал жаңа құрылыс аймағына әзірге жол салу қарастырылмаған. Келесі жылғы жоспарға енгізуді қарастырамыз", - дейді Жамбыл ауылдық окургінің әкімі Еламан Омербаев.

Ата-аналар шатырдың үстіне не үшін шықты?

Бұл ауылдағы тағы бір түйткілді мәселе - интернеттің жоғы. Біз бағалау форматының бәрін электрон жүйеге ауыстырдық, баланың бәрін интернетке "байладық", бірақ қарапайым ауылдар қолжетімді интернетке жарымай отыр. Ешқандай байланыс операторлары ұстамайды. Ата-аналар баласының сабақ кестесін үйдің төбесіне шығып қарап жүр. Әкімдік әдеттегідей "интернетке жауап бермейміз" деп ат тонын ала қашты.  

Бұл - мектепке барар жолды қысқарту үшін тұрғындардың жасаған өткелі. Күніге жүздеген оқушы осы қыл көпірден өтеді. 

Мәселенің шешімі қандай болмақ?

Қошмамбетте 7000-нан аса халық тұрады. Жаңа құрылыста жылдан жылға адам саны көбейіп келеді. Алайда жаңадан салынған мектеп бұл аумақтан қатынап оқитын оқушылардың мәселесін шешпейді. Себебі қазір Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектеп ең жақыны болып тұр. Сондықтан келер жылдан қалдырмай жол мәселесін шешіп, дәл сол аумақтан да қосымша мектеп салуды қарастыру керек. 

Өйткені 2 шақырым жаяу жүріп баратын баланың білім алуға деген ынтасының болмайтыны бесенеден белгілі. Жаяу жүргінші жолынан өткен оқушының қауіпсіздігіне кім жауап береді? 8000 теңге төлеуге шамасы келмейтін ата-аналардың балалары қашанға дейін сабақтан қалады? 500-ге тарта баланың көрген азабын білім басқармасы неге ескермейді? Бұл - бір ғана ауылда емес, тұтас мемлекетте болып жатқан мәселе. Сондықтан салаға жауаптылар тасымалдау қызметін мектептен 2 шақырым қашықтан бастап іске қосуды қарастыруға тиіс. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз