"Шамаларыңыз жетеді". Тоқаев еліміздің әлеуетті ірі бизнес өкілдеріне үндеу жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде бизнестен күштік құрылымдардың әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдар толассыз түсіп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Заң үстемдігін және жеке меншіктің қорғалуын қамтамасыз ету қажет. Бұл – кәсіпкерлікті дамытудың және инвестиция тартудың негізгі шарты. Алайда оны мүлтіксіз сақтау үшін жүйедегі бірқатар түйткілді шешу қажет. Мәселен, бақылаушы органдар мен соттар заң бұзушылықтың формальды белгілерін анықтаған кезде, оның мән-жайын тексеру қағидатын басшылыққа алмайды. Кәсіпорын қызметіндегі кез келген, тіпті болмашы қателіктің өзі көбіне қылмыс сияқты қаралады. Салдарынан еліміздің экономикасы ұдайы қылмыстық-құқықтық қысымға ұшырайды. Осы жиынға қатысып отырған құқық қорғау органдарының басшылары бұл мәселеге айрықша назар аударғаны жөн. Бизнестен күштік құрылымдардың әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдар толассыз түсіп жатыр", - деді ол.

Президенттің айтуына қарағанда, қылмысқа, оның ішінде экономикалық сипаттағы қылмысқа қарсы күрес тек қана заң аясында жүргізілуі керек.

"Мұндай асырасілтеушілік мемлекеттің мүддесіне ғана қайшы келмейді, сонымен қатар Қазақстанның абырой-беделіне нұқсан келтіріп, менің бастамаларыма халықтың сенімін азайтады. Бізге қадағалаудың теңгерімді механизмін құру қажет. Мен бұған дейін әрбір маңызды инвестициялық жобаның жүзеге асырылуын бақылау үшін қадағалаушы органнан бір қызметкерді бекіту туралы бастама көтердім. Алайда бұл мәселеде айтарлықтай нәтиже жоқ. Президент Әкімшілігіне Бас прокуратурамен және Бизнес-омбудсменмен бірлесе бір айдың ішінде тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданатынын, бұл өте аз және азаматтардың сұранысына сәйкес келмейтінін айтты.

"Сондықтан заңгерлер және кәсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілді деп ойлаймын. Судьялар корпусы бұл қадам азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауға мүмкіндік береді деп санайды. Президент Әкімшілігі бұл мәселені қолға алады. Кассациялық сотты құру жөнінде ортақ пікірге келсек, сот жүйесінің бюджетін ұлғайтуға жол бермейміз. Бизнестің заңды мүддесін сақтау және қорғау – бұл біздің басты міндетіміз. Сондықтан әкімшілік әділетті айтарлықтай күшейтіп, оның қолданыс аясын кеңейту қажет. Бұл іс жүзінде өзінің қажеттілігін және тиімділігін көрсетті", - деді ол.

Президент мемлекеттік аппараттың міндеті – еліміздегі заңды кәсіпкерлік қызметке жан-жақты көмек көрсету екенін еске салды.

"Бүгінде сот шешімдерінің 60 пайыздан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіледі (бұрын 15% пайыздан кем болған). Бұл оң үрдіс, әйтсе де асырасілтеушілікке және құбылушылыққа жол беруге болмайды. Себебі мемлекеттік аппараттың бизнесті сотқа жүгінуге мәжбүр ететін кемшіліктерді түзету жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Үкіметке Жоғарғы Сотпен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдар қызметіндегі теріс әрекеттерге мұқият талдау жасауға және оларды жою үшін пәрменді шаралар қабылдауға тиіс. Қайталап айтамын. Мемлекеттік аппараттың міндеті – еліміздегі заңды кәсіпкерлік қызметке жан-жақты көмек көрсету. Заңды бұзып, бизнеске қандай да бір кедергі жасау – мемлекеттік сипаттағы қылмыс. Мен, Президент ретінде, Қазақстанды бизнеске, соның ішінде ірі, орта және шағын кәсіпкерлікке өте қолайлы жағдай жасалған елге айналдыруды өз міндетім деп санаймын", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуетті ірі бизнес өкілдеріне үндеу тастады.

"Активтерді қайтару кезінде мемлекет пен бизнестің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау маңызды. Бұл – қазір кәсіпкерлер арасында қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі. Одан хабардармын. Ол жөнінде бөлек ақылдасайық. Таяуда активтерді қайтару жөнінде заң қабылданды. Бұл заң активтерді қайтару шараларын бір мақсатқа жұмылдыруға бағытталған, яғни, мұны қоғамдық келісім актісі десе де болады. Түптеп келгенде, бұл шара экономикамызды сауықтырып, әлеуметтік жікке бөлінушілік пен адамдардың арасындағы алшақтықтың алдын алуға тиіс. Адал бизнеске, шетелдік және отандық инвесторларға бұдан қауіптенудің еш реті жоқ. Мен Жолдауымда жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек екенін айттым. Экономикамыздың көшбасшылары индустрияландырудың қозғаушы күшіне айналып, соңынан өнеркәсіппен айналысушы кәсіпкерлердің жаңа толқынын ілестіре алады. Мен металлургия, химия, машина жасау және басқа да салаларда, кем дегенде, 15 ірі жобаны іске асыру міндетін жүктедім. Бұл – мемлекеттің де, бизнестің де міндеті. Бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі. Бұған қоса, мемлекет тағайындаған менеджерлер де тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Сондықтан еліміздің әлеуетті ірі бизнес өкілдеріне үндеу тастағым келеді. Сіздерде қаржы да, тәжірибе де жеткілікті, әлемдік нарықтарға шығатын байланыстар да бар. Сондықтан осындай жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға шамаларыңыз жетеді. Елдің дамуына қаржы құюға дайын екендеріңізді көрсетіңіздер",  деді Тоқаев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!