"Қатты қорқып кеттік". Ресейде шұғыл қонған ұшақ бортында болған қазақстандық әйел оқиға туралы айтты

Ресейде, Новосібір облысында "Орал авиакомпаниясының" ұшағы апат жағдайында жерге қонды. Tengritravel.kz тілшісі ұшақ бортында болған қазақстандық әйелмен сұхбаттасты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

12 қыркүйекте таңертең Сочи-Омбы рейсі кезінде ұшақ техникалық себептермен Новосібір облысының Убинское ауданында апат жағдайында жерге қонды.

Бұқаралық ақпарат құралдары мәліметінше, әуе лайнерінен дабыл сигналы түсіп, кейін ұшақ радардан жоғалып кеткен. Экипаж гидравликада ақау байқалғанын және қону кезінде тежегіштердің істен шығуы мүмкін деген қауіп барын хабарлаған.

Новосібірге ұшу жергілікті қосалқы аэродромның ұшу-қону жолағы ұзағырақ болғандықтан қабылданған. Алайда жол бойында ұшақтың жанармайы таусылып, егістік алқабына шұғыл қонуға мәжбүр болды.

Ұшақ бортында 170 адам болған. Оның ішінде қазақстандық әйел, Павлодар тұрғыны Ольга Мухутдинова бар.

"Күйеуіммен Сочиде демалып, Қазақстанға қайтып келе жатқанбыз. Қонып жатқанда қатты қорқып кеттік, бірақ бәрі тез өтті. Бізді Убинское кентіндегі облыстық мәдениет үйіне орналастырды. Шай, бутербродтар беріп, мұқият қарады, бәрі жақсы болды", - деді әйел.

Әйелдің айтуынша, жолаушылар екі топқа бөлінген: біреулері Омбыға, екіншілері Новосібірге жөнелтіледі.

"Біз Омбыға, кейін Павлодарға баруымыз керек. Бізді микроавтобус күтіп алды, бірақ ол кетіп қалды, енді Омбыға алты сағат жол жүру керек, содан кейін қонақүй іздеу керек, ертең автобус болса ғана, үйге қайтамыз, болмаса, бүгін күтіп тұрған шағын автобус бізді алып кетуі мүмкін", - деді әйел. 

Еске салайық, бұған дейін Новосібір облысында "Орал авиакомпаниясының" ұшағы апат жағдайында жерге қонғаны хабарланған еді. Оның бортында қазақстандықтар да болған. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз