СІМ шетелдегі қазақстандықтарға үн қатты

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі өкілдері шетелдегі қазақстандықтарға үн қатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркияда баласымен қаза тапқан қазақстандық әйелдің оқиғасына қатысты істің мән-жайын  жай-жапсарын айтып, қазақстандықтардың қауіпсіздігі өз қолында екенін айтты.

"Қазір тергеу жүріп жатыр. Біздің консул жергілікті құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ, жәбірленушілердің адвокаттарымен байланыста. Қазір Түркияда немесе басқа елдерде демалып жатқан азаматтарымызға кез келген экскурсияға бармас бұрын, оның қауіпсіз екеніне көз жеткізіп, сол елдің ережелерін сақтау керегін айтқым келеді. Қауіпсіздігіңіз өз қолыңызда", - деді Айбек Смадияров.

Ол шетелде қазақстандыққа қатысы бар кез келген оқиғаға толығымен жауапты екенін айтты.

"Дипломаттардың ролі - толық консулдық және құқықтық қолдау көрсету, соның ішінде біздің азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылмауын қадағалау. Бірақ тараптардың қорғаушысы ретінде сотқа, тергеу әрекетіне де қатысуға құқығымыз жоқ. Сондықтан тергеуді оқиға болған елдің құқық қорғау органдары жүргізеді", - деді Смадияров.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық журналист Түркияда екі жасар қызымен бірге жол апатынан қаза тапқаны хабарланған еді. 

Қайғылы оқиға 3 қыркүйекте болды. Екі көлік соқтығысып, үш турист опат болды. Басылым мәліметінше, сафари көлігінде болған Қазақстан азаматы оқиға орнында қаза тапса, ресейлік турист пен 2 жасар қазақстандық ауруханада қайтыс болған.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Telegram-арнасында жол апатынан танымал журналист, "Зейін Атырау" балаларды оңалту орталығының негізін қалаушы Арайлым Бақытжан қаза тапқанын жазды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!