"Жай адам да, депутат та қорғалмаған". Бақытжан Базарбек отбасына қауіп төнгенін айтты

"Жай адам да, депутат та қорғалмаған". Бақытжан Базарбек отбасына қауіп төнгенін айтты
Фото: facebook.com/bbazarbek

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек баласының бесікарбасының өртелгеніне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұдан бірнеше күн бұрын депутат әлдекімдердің баласының бесікарбасын өртеп жібергенін айтқан еді. Бүгін Мәжіліс кулуарында ол бұған қатысты пікір білдірді. 

"Нақты қай жақтан қауіп төнгенін айта алмаймын. Бірақ біз қазір республикалық "Жер Аманаты" комиссиясы арқылы Forbеs кітабына енген бірнеше олигархтың жерін тексеріп жатырмыз. Одан кейін Іле Алатауы саябағының маңында Новиков деген генералдың жері бар. Осы және BI Group компаниясының жерін қазір біз тексеріске алайын деп отырмыз. Қай жақтан қауіп төнгенін нақты айта алмаймын. Бірақ заманымымыздың сұр заман болғаны соншалықты, ешкім қорғалмаған. Жай адам да, депутат та қорғалмаған", - деді ол.

Еске салайық, заңгер Бақытжан Базарбек белгісіз біреулер отбасына қоқан-лоқы көрсетіп жүргенін айтқан еді. 

Бұл туралы заңгер Facebook-парақшасында бөліскен еді. 

"Менің отбасыма белгісіз біреулерден қоқан-лоқыға ұксайтын әрекеттер басталды. Кішкентай балапанымның коляскасын пәтеріміздің (квартирамыздың) есігі алдында жағып жіберген. Осылай, Ескі Қазақстанның өкілдері өзінің бар-жоғын ескертіп, білдіртіп отырғандай сезінесін! Не болса да тергеу қорытындысын күтейік", - деп жазды белгілі заңгер.

Кейін полиция қызметкерлері күдіктінің ұсталғанын айтты. 

"Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері бұл қылмысты жасады деген күдікпен 1991 жылы туған Б. есімді ер адамды ұстады. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр", - делінген хабарламада.

Серік Құдайбергенұлы

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек