Ақтөбеде балалар мектепке балшық кешіп баруға мәжбүр

Ақтөбенің "Батыс-2" шағынауданының тұрғындары жаңбыр жауса жол азабын тартады. Әсіресе, көктем мен күзде жұртшылық қиындық көреді. Балалар мектепке балшық кешіп баруға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кейінгі үш күн бойы қалада жаңбыр жауды. "Батыс-2" шағынауданының тұрғындары тағы жол азабын тартты. Мұнда саз балшықтан жүру мүмкін емес. Биыл қыркүйекте осы аумақта ашылған Smart bilim мектеп-гимназиясына балалар балшық кешіп барды. Себебі аумақта жаяу жүргіншілер жолы салынбаған. Ал білім ордасында 3600 бала оқиды. 

Аудан тұрғыны Бекжан Байманұлы екі баласын осы мектепке апаратынын айтты.

"Жаңбыр жауса асфальттың айналасы иленіп, жүргізбей тастайды. Мектепке жеткенше балалар балшық кешеді. Жаяу жүргінші жолы салынса, ешқандай мәселе болмас еді. Жаңбыр жауса қиындық көреміз. Мектепке бару мұңға айналады. Көлігі барлар жолдың бойына тұрып алады", - дейді Бекжан.

Тұрғындар жанайқайларын әлеуметтік желі арқылы да  жеткізіп жатыр. Түрлі сурет пен видеоларды салып, мәселенің шешілуін сұрайды.

Әлеуметтік желіден

"Мектепті аштыңыздар, рақмет. Бірақ соған жетер жолды біз айтпасақ та білесіздер. Бір күн жаңбыр жауғанда қандай болып жатыр? Асфальт машинасы барларға ғана арналып салынған, ал қалған адам адам емес пе?" - деп жазылған Instagram желісіндегі batus_2_aqtobe парақшасында.

"Батыс-2" шағынауданында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, балалар кейде балшықтан қашып, құрылыс маңымен өтеді.

Еске салайық, бұл ауданда осыдан бір жыл бұрын көктемде оқушы қыз арыққа құлап, суға батып кете жаздаған болатын.

Әлеуметтік желіден

Smart bilim мектеп гимназиясының директоры Айгүл Арынғазиева да жаңбыр жауса мәселенің туындайтынын айтты.

"Мектеп биыл қыркүйекте іске қосылды. Ғимарат салынбай тұрып қалалық әкімшілікке жол мәселесін қарастыруды сұрап  хат жолдадық. Тамыздың 31-інде асфальт жол салынды. Енді жаяу жүргіншілер жолы салынуы керек. Әкімдіктің бізге берген жауабы бойынша, қаржат бөлінген. Конкурс жүріп жатыр. Ал мектептің айналасы, ауласы, қақпа маңының бәріне тақта тас төселген. Мүмкіндігіміз келгенше балаларға жағдай жасап жатырмыз. Жалпы аумағымыздың бәрінде құрылыс жүріп жатыр. Кейде оқушылар балалықпен  құрылыс жүріп жатқан аумақпен өтеді", - деді мектеп директоры.

Осы мәселе бойынша қалалық әкімдікке хабарластық. Әкімдік мәліметінше, бұл аумаққа жаяу жүргіншілер жолы салынады. Қазіргі таңда конурс өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстары мердігер анықталғанан кейін басталады екен.

Кәмшат Сексенбайқызы

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!