"Ауламда жаттығамын". Әлем чемпионы ауылда мұғалім болып еңбек етеді

"Ауламда жаттығамын". Әлем чемпионы ауылда мұғалім болып еңбек етеді
Фото: Жеке мұрағаттан

Ауыр атлетші Ришат Галиахметов – кір тасын көтеруден екінші мәрте әлем чемпионы атанды.
Осылайша ол Өзбекстанның Хиуа қаласында өтіп жатқан жаһандық бәсекеде 20 елінен жиналған спортшыларды басып озды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауылда жүріп, Қазақстанның ұлттық құрама командасына енген спортшыдан біз жетістікке жетуінің құпиясын сұрадық. Сөйтсек, бәрі біз ойлағаннан да қарапайым болып шықты. Ришат Ұлттық құрама команданың басқа спортшылары сияқты шетелдерде емес, ауылда, өз үйінің ауласында жаттығатын болып шықты.

"Жаттығуларым үйде, сарайда өтеді. Мен тұратын Абай ауылында спорт залы жоқ. Соған қарамастан барынша жағдайды өзіміз жасап аламыз. Және мен жалғыз емеспін. Тәрбиелеп жүрген шәкірттерім бар. Өзім спорт саласында жүргендіктен, жасырғым келмейді. Ауыл спортшыларына жаттығу жасау қиын. Сондықтан ауылымызға спорт кешені салынса деген тілегім бар", – дейді кір тасын көтеруден әлем чемпионы атанған Ришат Галиахметов.

Атырау облысының Қызылқоға ауданы Абай ауылындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен 16 жылдан бері қарапайым дәріс беріп жүрген Ришат үшін кір тасын көтеру спорты жай хобби ғана. Және ол бұл спорт түріне оқытып жатқан шәкірттерін де баулып жүр.

Еске сала кетсек, былтыр Үндістан елінің Нью-Дели қаласында гір тасын көтеру спортынан өткен әлем чемпионатында Ришат Галиахметов 48 келі кір тасын 10 минутта 60 мәрте көтеріп, әлем чемпионы атанған еді.

Баян Жанұзақова

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы