Жаңаөзенді сумен қамтитын жаңа зауыт құрылысы басталды - ҚазМұнайГаз төрағасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мағзұм Мырзағалиев ұлттық компания қызметінің нәтижесі жөнінде мәлімет берді, компания мұнайдың отандық бренді KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) өндірісі басталғанын айтты. Сонымен қатар, ол мұнай өңдеу зауыттарынан жанар-жағармай жөнелту қарқыны, соның ішінде күзгі жиын-терін маусымында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажетін қамтамасыз ету ісі жөнінде баяндады. "ҚазМұнайГаз" компаниясы егін жинау науқанына 426 мың тонна дизель отынын бөлген.

Мемлекет басшысына компанияның танкер флотын кеңейту, соның ішінде Каспий теңізі мен басқа да ашық теңіз акваторияларында энергетикалық ресурстарды тасымалдауға арналған ірі тоннажды танкерлер санын көбейту жұмыстары туралы мәлімет берілді; ұлттық компанияның өңірлерде жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалары жөнінде есеп берілді.

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын ауызсумен қамтамасыз ету үшін жаңа су тұшыту зауытының құрылысы басталғаны және Астрахан - Маңғышлақ магистральды су құбырын реконструкциялау жұмыстарының барысы жөнінде баяндалды. Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көмірсутегі экспортын арттыру және геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Президент мұнай мен газды терең өңдеу саласына баса мән беру маңызды екенін айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!