Қандай сыйлық "пара" деп саналады және оған қандай жаза көзделген?

Қандай сыйлық "пара" деп саналады және оған қандай жаза көзделген?
Фото: Ашық дереккөз

Елімізде көп адам мемлекеттік қызметшілерге, дәрігерлерге немесе мұғалімдерге, сондай-ақ, басқа да шенеуніктерге алғыс ретінде сыйлық беріп немесе сыйлық алып жатады. Алайда қазақстандықтар бұл әрекеттерінен қомақты айыппұл арқалап кетуі мүмкін екенін ескере бермейді. Massaget.kz тілшісі бұған қатысты талдау жасап көрді. 

Жалпы пара ұғымы әдетте тек заңсыз қызмет алу, біреу арқылы құжатты заңсыз әрі тез рәсімдеуге әрекет етумен шектеліп жатады. Алайда дәрігердің көмегі үшін оған сыйлық беру, тіпті мұғалімдерге алғыс сыйлығын беру пара деп саналады. 7 мың теңгеге дейін берілген сыйлыққа әкімшілік жаза қарастырылса, одан көп сомаға алынған сыйлық үшін қылмыстық жаза көзделген. 

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 676-бабына сәйкес кез келген сыйлық, жеңілдік, тіпті қызмет көрсету заңсыз материалдық сыйақы (пара) деп танылады.

Егер сыйлық осы сомадан арзан болса (мысалы, тіпті 100 теңге), онда пара беруші әкімшілік жазаға тартылады - 200 АЕК - 690 000 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Ал пара алушыға (сыйлықты қабылдаған) Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 677-бабына сәйкес 600 АЕК немесе 2 миллион 70 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

Бір сөзбен, кез келген құнды немесе арзан сыйлық пара болып есептеледі. Ал сыйлық 2 АЕК - 6900 теңгеден асса, бұл қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады. Бұл туралы Қылмыстық кодексінің 367-бабындағы ескертпеде жазылған. 

ҚР Азаматтық кодексінің 509-бабының 1-тармағына сәйкес құны заңнамалық актiлерде белгiленген 10 АЕК мөлшерiнен аспайтын әдеттегi сыйлықтарды есептемегенде:

жас балалар мен әрекетке қабiлетсiз деп танылған азаматтардың атынан емдеу, тәрбиелеу мекемелерiнiң, әлеуметтiк қорғау мекемелерiнiң және басқа да осыған ұқсас мекемелердiң жұмыскерлерiне сыйлық беруге жол берілмейді.

Бұдан басқа, Кодекстің 509-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" ҚР Заңына сәйкес өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдағандарға, сондай-ақ, олардың отбасы мүшелеріне сыйлық алуға жол берілмейді.

Мемлекеттік қызметкер санатына кім кіреді?

Заңның 1-бабы 1-тармағының 4)-тармақшасына сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға:

  • жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған адам;
  • ҚР заңында белгiленген тәртiппен ҚР Президенттiгiне, ҚР Парламентiнің немесе мәслихаттардың депутаттығына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ, жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органының мүшелігіне кандидат ретiнде тiркелген азамат;
  • өкілеттігін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын, еңбегіне ақы төлеу ҚР бюджет қаражатынан жүргізілетін аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі;
  • жергiлiктi өзiн-өзi басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн, ҚР мемлекеттiк бюджет қаражатынан еңбегiне ақы төленетін қызметшi;
  • мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік секторді басқаратын адам, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырау, өткізу бойынша шешімдер қабылдайтын, не мемлекеттік бюджеттің және ҚР Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, ҚР Ұлттық банкі мен оның ведомстволарының қызметшілері, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілері;
  • ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы ҚР заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек