Семейлік орыс студент ауылға барып тіл үйренуді армандайды

Семейлік орыс студент ауылға барып тіл үйренуді армандайды
Фото: Жеке мұрағаттан

Қазақ тілінен білімін күн сайын жетілдіріп жүрген семейлік орыс студент мемлекеттік тілде ойлаудың озық тәсілімен бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кирилл Чернышов осыдан алты жыл бұрын орыс мектебін бітірген соң колледждің қазақ тілінде оқытатын бөліміне оқуға түсіп, айналасындағыларды таң қалдырды. Айтуынша, ол қазақ халқының тілі мен ділінің қыр-сырын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін түсіну үшін мүмкіндігінше қазақ достарының той-домалақтарына қатысуға тырысқан.

Бар жауапкершілікті сезініп, қиыншылықтарға моральдық тұрғыдан дайындала отырып, орта оқу орнында "орман шебері" мамандығын таңдап, шеткі ауылдың жігіттерімен қатар Моңғолия мен Ауғанстаннан келген студенттермен бірге білім алған.

Барлығы оның бастамасын қолдап, тіл үйренуге жан-жақты көмектескен. Сөйтіп, тілдік ортаға қаныққан ол алдымен айналасында айтылғанның бәрін жақсы түсіне бастады, кейін өзі мемлекеттік тілде сөйледі.

"Мен қазақ тілін жетік білемін деп ойламаймын. Әлі де атқарылатын жұмыстар бар. Мен өз мақсатыма жеткім келеді: мемлекеттік тілде еркін сөйлеп қана қоймай, ол мен үшін көп күш-жігер мен күйзелісті қажет етпейтін табиғи үрдіске айналуы үшін сол тілде ой жүгірту. Менің ойымша, бұл үшін ең қолайлы жағдай алыстағы ауылға ұзақ сапар болуы мүмкін. Мен бұл жоспарларды бір күні жүзеге асыруды армандаймын", — деді Кирилл Чернышов

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы