Курчатовта қала әкімі сайланады

Абай облысында Курчатов және Абай ауданына қарашада әкім сайланады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

8 қыркүйекте Семейде облыстық мәслихаттың кезектен тыс жетінші сессиясы өтті. Депутаттар 5 қарашада Курчатов қаласы мен Абай ауданы әкімдерін сайлау өтетінін айтты. 

"Алдағы сайлау - Президент тапсырмасының орындалуының айқын көрсеткіші, сондай-ақ, Қазақстан тарихындағы жергілікті аудан (қала) әкімдерін сайлау өткізудегі алғашқы тәжірибе", - делінген Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Әкімдері сайланатын 45 өңірдің 2-і Абай облысына тиесілі.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл елімізде алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда әкімдерді сайлау өтетінін мәлімдеді.

"Азаматтардың жергілікті атқарушы билік деңгейінде шешім қабылдауға тікелей қатысуын дәйекті түрде кеңейту маңызды. Екі жылдан аса уақыт бойы азаматтардың өздері ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін таңдап келеді", - деді Мемлекет басшысы 1 қыркүйекте.

Оның айтуынша, кейінгі екі жылда ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үш бөлігі сайланған.

"Енді біз аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауды сынақтан өткізуіміз керек", - деді Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз