Желіде Украинадағы Қазақстан елшісі Дархан Кәлетаев қызметінен кетті деген ақпарат тарады

Желіде Украинадағы Қазақстан елшісі Дархан Кәлетаев қызметінен кетті деген ақпарат тарады
Фото: Дархан Калетаев

Әлеуметтік желіде Украинадағы Қазақстан елшісі Дархан Кәлетаев қызметінен кетті деген ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы саясаттанушы, кәсіпкер Данат Жұмин әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.

"Киевке келгеннен кейін бірінші кезекте қайда жүгіндім? Әрине, елшілікке. Әдеттегідей уақытында келіппін - дәл сол күні Украинадағы елшіміз Дархан Кәлетаев дипломатиялық миссиясын аяқтап жатыр екен. Яғни, елші қызметінен кетті. Осы оқиғаға орай мені іс-шараға шақырды. Жолым болды. Іс-шарада қызық адамдармен кездестім. Дипломаттар, депутаттар, кәсіпкерлер, қандастар. Көп нәрсе айтылды. Бірақ бұл туралы кейінірек. Қазір Украинадағы жұмысы үшін бұрынғы елшімізге алғыс айтқым келеді. Соғыс басталған кезде жүздеген адамды әкелді. Украинада қазақтың киіз үйлерін орнатуға көмектесті. Қазақстан мен қазақтарды жоғары деңгейде танытты. Көптеген дипломат сияқты қағаз жүзінде емес, іс жүзінде көрсетті. Украинада Қазақстанның нағыз досы бола білді. Бір сөзбен айтқанда, жарады. Дархан Аманұлына жақсы жол және жаңа міндеттер тілеймін. Бәлкім, мұндай адам үшін Қазақстанда да лайық жұмыс бар шығар", - деді ол.

Facebook

Алайда Ақордада мұндай ақпарат жарияланбады. Оның үстіне Данат Жұмин кейінірек бұл ақпаратқа түзету енгізген.

"Кішкене түзету. Дархан Кәлетаев ресми түрде елші. Қызметтен босату туралы жарлық жарияланған жоқ", - деді ол.

Айта кетейік, Дархан Кәлетаев 1972 жылы 14 қазанда Шығыс Қазақстан облысында туған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін (1994 ж.) тарихшы мамандығы бойынша және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Жоғары мемлекеттік басқару мектебін (1997 ж.) бітірген. Саяси ғылымдарының докторы.

Еңбек жолын 1995 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі Тіл комитетінде маман ретінде бастаған. 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық саясат жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас маманы болды.

1997 жылы ҚР Білім және мәдениет министрлігі Тіл саясатын үйлестіру департаментінің басқарма бастығының орынбасары болды.

1997-2002 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Жастар саясаты бөлімінің бастығы, Ішкі саясат департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды.

2002 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне Жастар саясаты департаментінің директоры ретінде ауысады.

2002-2007 жылдары Ішкі саясат басқармасының сектор меңгерушісі, Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Ішкі саясат басқармасының әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі, әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

2007-2008 жылдары ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары болды.

2009-2016 жылдары "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ-ның басқарушы директоры қызметіне, 2018 жылы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалды.

2018-2019 жылдары ҚР қоғамдық даму министрі қызметін атқарды.

2019 жылы ҚР премьер-министрі кеңсесінің басшысы болды.

2019 жылы наурыз-желтоқсан аралығында ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

2020 жылғы 22 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасының Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалған еді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова