"Қазақстаннан 40 пайызға арзан". Грузиядан көлік әкелген жүргізуші ондағы баға жайлы айтты

"Қазақстаннан 40 пайызға арзан". Грузиядан көлік әкелген жүргізуші ондағы баға жайлы айтты
Фото: Автордан

Бүгінгі таңда Грузиядан көлік таситын қазақстандықтар саны күрт көбейген. Дәл қазіргі уақытта Қазақстанның көлік нарығында машинаға деген тапшылық жоқ. Бірақ, соған қарамастан шетелден ұсталған көліктерді тасушылардың саны азаймай отыр. Massaget.kz тілшісі Алматыдан Грузияға арнайы көлік сатып алуға барған жандармен сұхбаттасты.

"Бірнеше миллион теңге үнемдедім"

Autopapa базарына Алматыдан арнайы көлік сатып алуға келгендердің бірі - Нарбол Ерболұлы. 4-курстың студенті 4 мың шақырым жерден көңілі қалаған көлікті іздеп келген.        

"Екі күн базарды аралап, 50-60-қа жуық көлікті қарадық. Аяғында 2019 жылғы Camry-70 автокөлігіне тоқтадым. Маторының күші - 2,5 литр. Саудаласып жүріп 16 900 АҚШ долларына алдым. Бастапқы бағасы 18 500 АҚШ доллары болды. Мен өзіме ұнаған Camry -70-ті 7,8 млн теңгеге таптым. Қазақстанға апарғанда утильалым, тағы басқа да шығындарымен 12 млн жуықтайды екен. Қазақстанда бұл көліктің америкалық нұсқасы 13 млн теңгеден жоғары тұрады. Еуропалық нұсқалар тіпті қымбат, 15 млн сұрайды. Бірнеше миллион теңгемді үнемдедім десем болады. Көлік 80 мың шақырымдай жүрген, сапасы өте жақсы", - деді 23 жастағы студент. 

Autopapa базары шамамен алты бөлімге топтасқан. Сатылымдағы көліктердің 99 пайызы Америкадан аукцион арқылы әкелінген машиналар. Мәселен, қазір қазақ нарығында сұранысқа ие  2021-2023 жылғы Toyota Camry – 75 көліктері 20-23 мың доллардың айналасында болса, 5-6 жылдық Toyota Camry – 70-терді 16-19 мың АҚШ долларына табуға болады. Қазақстандықтар жақсы көретін Toyota Highlanderдің 6-7 жыл жүрілгендерін де 10-12 млн теңге аралығында алуға болады. Ал Camry-50 және 55 деп аталтын түрлері мен 2019-20 жылғы Hyundai Elantra, Hyundai Sonata, Hyundai Tucson сынды модельдерді 9 500 - 11 мың АҚШ долларына алуға болады. Көлік іздеушілер көрсетілген бағадан қалайда 1-2 мың доллар түсіртеді. Жоғарыда маркалардың бәрі Қазақстандағы бағадан кемі 40 пайызға арзан.

"Әкелген көлікті рәсімдеу құны миға сыймайды..."

Грузияға елдің әр аймағынан көлік алғысы келгендерді жинап, автотур ұйымдастыратын топтар да пайда болған. Оны ұйымдастырушылар бөтен елде алданып қалмауға кепіл беріп қана қоймай, машинаны таңдасады, бағасын түсірткізеді, құжаттарын рәсімдеуге көмектесеміз дейді. Ресей федерациясына қарасты Шешенстан, Дағыстан, Қалмақия сынды елдердің жерінен кедергісіз өтуге көмектеседі.

 Автордан

"Айына 40 көлікті Қазақстанға кіргіземіз. Орта есеппен бір адам 13-15 мың долларға Грузиядан машина алды деп есептейік. Көлікті елге жеткізген соң тағы бітпейтін төлемдер басталады. Кедендік рәсімдеуге 1 миллионға дейін ақы алады. Бастапқыға (первичка) техпаспорт пен нөмір ғана аламыз. Оған 1 млн 725 мың теңге төлеу деген миға сыймайтын дүние. 2,5 литр көлемге орташа алғанда утильалым 825 мың теңге. Бастапқы тіркеу үшін 2 млн теңгеге жуық қаражатты алу тым артық. Бастапқы тіркеу деген шетелде болған көлік біздің Қазақстанға келіп тіркелгені үшін алынатын сома. 2020 жылға дейінгілерге 1 млн 725 мың теңге кетеді. Бұның да бір түсінігі болу керек шығар?! Не үшін бұндай сома? Техпаспорт пен нөмір алу үшін мемлекеттік баж салығы 13-14 мың теңге төлейміз және шетелден автокөліктің келгені үшін 1 млн 725 мың теңге тағы  төлейміз. Сонда, 2 куб көлемді 2017-2008 жылдар аралығындағы машинаның құжатын жасатуға кемі 3,5 млн теңге кетеді. Көлікті шетелден 4 млн теңгеге сатып алатын болсақ, Қазақстанға барып жасайтын құжатқа 3,5 млн теңгеге шығады. Бұны қалай түсінуге болады? Баланс жоқ. Сырттан автокөліктің келуіне кедергі келтіру. Көлік пен оның құжатының бағасы теңесіп тұр. Монополистер өздерінің зауыт, автосалондарындағы  машиналарды алуға заң арқылы мәжүбірлеп қойған. Салоннан барып ең арзан дегенін 12 млн теңгеге алғанша, 4 млн теңгеге сырттан 3-4 жыл жүрілген, сапасы әлдеқайда жоғары машинаны әкеле салмаймын  ба? Бұл қымбатшылық осыған қарсы әдейі жасалған амал", - деді Досбол Арыстанбек. 

"Қазақтар арзан машина іздейді"

Грузияның автобазарындағы сатушылар қазақстандықтарды аса жақтыра да қоймайды. Тек өзге алушы аз болғандықтан қинала саудаласатындар да бар. Өйткені, елге келген соң құжат үшін төленетін миллиондарды есептейтін отандастар бағаны барынша көбірек түсіруді талап етіп тұрып алады. Ал бұл базардағы сатушыларға ұнамайды.

"Бірінші орында әзірбайжандықтар көп алады көлікті. Бірақ олардың арасында алып-сатушылар көп. Бұрын ресейліктер көп сатып алатын. Баға да ол кезде жоғары еді. Соңғы екі аптада қазақтарға машина сатпадым. Оншақты машина сатылды. Қырғыздар арқылы ресейліктер алды, әзірбайжандар да бар. Қазақтар арзанға алғысы келеді. Мысалы, мына ақ түсті Camry -75-ке 22 мың доллар сұрап тұрмын, 21 мың долларға берем. Бізге тәжік пе, қазақ па, бәрібір қалаған бағамызға береміз. Қазақтар арзан машина іздейді, арзанға алғылары келеді. Әр көліктің құны бар", -деді Абдулрауф есімді саудагер.

Әмірболат Құсайынұлы

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы