Алматыда тағы бір көшені жөндеу жұмысы кешіктіріледі

Алматыда тағы бір көшені жөндеу жұмысы кешіктіріледі
Фото: elements.envato.com

Алматыда кептеліс ошағына айналған даңғылдың жөндеу жұмыстары уақытында аяқталып үлгермейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Гагарин даңғылы бойымен Ходжанова көшесінен MEGA СОСО маңындағы Есқараев көшесіне дейінгі жөндеу жұмыстары үлкен кептеліс тудырды. Жылу желілеріндегілер 15 қыркүйекке дейін жұмыстарды аяқтап, тасжолды қалпына келтіруге уәде берген еді. Дегенмен уақыты әзірге белгісіз. 

"Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеде топырақтың ерекшелігіне байланысты жұмыстың аяқталу мерзімі ұзарды. Жұмыс кезінде топырақ құлап, бұл жөндеу жұмыстарын қиындатты. Сонымен қатар, учаскеде құрылыс дамып, инженерлік желілер қиылыстарының көптігінен қиындық туындады. Осы факторға байланысты жөндеу жұмыстары нысанын сапалы, жылыту маусымын бұзбау үшін түпкілікті пайдалануға беру мерзімі өзгертілді", - деді "Алматы жылу желілері" ЖШС өкілі.

Тапсырыс берушінің мәліметінше, Гагарин даңғылында асфальт төсеу үшін топырақты нығыздау жұмыстары жүргізілді. Жақын арада ауа райын ескеріп, асфальт төсемді қалпына келтіру жұмыстары басталады. Жұмысты шамамен қыркүйектің соңына дейін аяқтауға тырысады, бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты мерзім өзгеруі мүмкін.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә