Алматы облысында атыс болды: бір адам қаза тапты

Алматы облысында атыс болып, бір адам қаза тапты. Бұл туралы Алматы облысының полиция бастығы Бауыржан Әленов Instagram-парақшасында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

7 қыркүйекте Іле орталық аудандық ауруханасына қарудан алған жарақатпен төрт жергілікті тұрғын түскен. Тағы бір адам ауруханаға жетпей, жолда қаза болды.

"Бұл деректер ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтiру) және ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша тіркелді. Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқандарды ұстады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - делінген хабарламада. 

Қазіргі уақытта сараптамалық тексерулер тағайындалып, барлық қажетті тергеу шарасы жүргізіліп жатыр.

"Аймақтағы жағдай тұрақты және бақылауда", - деді полицейлер.

Еске салайық, 3 қыркүйекте сағат 00:30 шамасында Әл-Фараби-Назарбаев көшелері қиылысындағы "Сансет" мекемесінде атыс болған. Бетперде киген төрт адам оқ жаудырған. Бұл деректі Бостандық аудандық Полиция басқармасындағылар тіркеп, тексеру жүргізіп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!