Алматыда 8 мыңнан аса оқушы мектепке тегін автобуспен қатынайды

Алматыда 8 мыңнан аса оқушы мектепке тегін автобуспен қатынайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Қалалық әкімдік 1 қыркүйектен бастап іске қосылған жобамен таныстырды. Қазір бұл мүмкіндікті қаладағы 215 мектептің отызы пайдаланып отыр. Ең алдымен автобустар бастауыш сынып оқушылары мен қаланың іргесіндегі елдімекенде тұратын балаларға қарастырылған. Мәселен, бір ғана "Абай" саяжайынан 241 оқушы осы автобуспен мектепке қатынайды. Білім басқармасы мәліметінше, автобустардың бағыты ата-аналардың сұранысы бойынша жасалған. Десе де оқу жылы басталысымен "тегін автобус керек" деген өтініш күрт көбейіпті.

"Бұл жобаның ұйымдастыру жұмысын бастаған кезде мүмкін сенімсіздік болды ма, алаңдатушылық болды ма, шамамен 7 мыңнан аса бала қызығушылық танытқан болатын. Бірақ 1 қыркүйек жақындағаннан кейін бұл сан артып отырғанын көріп отырмыз. Бүгінгі таңда 8258 бала. Қазір қала бойынша 12 500-ден аса қажеттілік бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан келесі 24 жылға тағы да 50 автобус қосуды жоспарлап отырмыз", - деді қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз