"Пәтер бағасы қымбат, енді не істейміз?". Алматыда қазақтар жертөледе де тұрып жатыр

Алматы қаласындағы тұрғын үй кешенінің бірінде жертөлелер пәтер ретінде тұрғындарға жалға берілген. Бағасы да қолжетімді. Ең кемі 50 мыңнан басталады. Massaget.kz тілшісі пәтер иелеріне хабарласты. 

"Қыста жылы болады"

Мұнда бірнеше пәтерде адамдар тұрады. Жертөленің іші кәдімгі пәтер секілді нөмірленген. Біз тұрғын ретінде пәтер иесіне хабарласып, мән-жайды білген едік. Ол мұнда тұруға рұқсат берілгенін айтты. Есіктің алдына да  қоршау жасалған.

Автордан

 "Айына - 120 мың теңге. Тек керует жоқ. Қалған керектінің бәрі бар. Көршілер тыныш. Қыста жылы болады. Бұл жағынан уайымдамаңыз", - деді ол.

"Пәтер бағасы қымбат, енді не істейміз?"

Әлеуметтік желіде де жертөлені тұрғын үй етіп тұрған бейнежазба жарияланған еді. Желі қолданушыларының айтуынша, Алматыда мұндай үйлердің бағасы басқаларға қарағанда өте тиімді.

Автордан

"Екі рет осындай үй жалдағанмын. Пәтер бағасы қымбат, енді не істейміз?", "Жертөлені айтасыңдар, үйдің төбесі де жалға беріледі", "Біріншіден, бұлар газ баллон пайдаланады. Екіншіден, жалға төлейтін ақшалары жеке адамның қалтасына кетеді. Үшіншіден, мүлдем тазалық жоқ: түрлі жәндіктер, тышқандар өріп жүреді. Оның үстіне балаларымен тұрады. Олар олай өмір сүрмеуі керек қой",  деп жазды олар.

"Жертөледе тұруға болмайды"

Заңгер Арсен Мұхтардың айтуынша, жертөлені пәтер ретінде қолданып, тұруға болмайды.

"Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 34-бабының 3-тармағына сәйкес ортақ мүліктің меншік иелері бірлестігінің рұқсатымен ғана жалға беруге болады. Бірақ түскен ақша сол мүлікті жөндеу жұмыстарына жұмсалуы тиіс. Ал жалпы жертөлені пәтер ретінде қолданып тұруға болмайды. Заңға қайшы әрекет етсе, айыппұл салынуы мүмкін", - деді ол.

Автордан 

Еске салайық, бұған дейін Кентау тұрғыны жатын бөлмесінің астынан жертөле жасап, есірткі өсіргені туралы жарияланған болатын.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!