"Биыл төрт қап қойдың жүні кетті". Қызылорда облысында тұрғын қой жүніне картоп егіп жүр

Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданының Ақжар ауылының тұрғыны Талғат Лекеров үйінің алдында үш жылдан бері ерекше әдіспен бақша егіп келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол бақша егу үшін қойдың жүні мен сабан қолданады. Тұрғын үш жыл ішінде мұның тиімділігіне көз жеткізіп үлгерді.

"Сырдария өзені тартылғалы бері аяқсу мәселесі күрделеніп кетті. Содан бақша егудің басқа жолын іздедім. Қойдың жүнін пайдалануға болатынын YouTube-тен көрдім", - деді кейіпкеріміз.

Әдіс ерекше болғанымен қарапайым. Әуелі қара жерге қойдың жүнін төсейді. Ортасына тұқымдық картопты орналастырып, төбесін сабанмен жабады. Ол көктегенше күнде бір мезгіл су себу керек. Содан кейін ылғалды сақтау үшін бетін көңмен жабады. Арасы дымқылданып, нәтижесінде картоп піседі. Қойдың жүні бір айға жетпей шіріп, топыраққа айналады. Ал сабан өздігінен басылады. Сөйтіп, аяқсуға зәрулік болмайды.

"Бақшамыз кең емес. Соның өзіне биыл төрт қап қойдың жүні кетті. Есесіне, тәжірибе жемісін берді. Бір жазда азғантай аумақтан үш рет картоп, сәбіз алдық. Ауылда тұрса да "су жоқ" деп егін екпейтін адамдар бар. Солар мүмкін емес нәрсе болмайтынын білсе екен", - деді Талғат Лекеров.

Еңбекқор ауыл тұрғыны еш сылтау іздемей ауласын да, бақшасын да жайқалтып отыр.

"Ал қойдың жүні оп-оңай табылады. Бұрынғыдай қабылдап, кәдеге асырып жатқан ешкім жоқ. Жұрт оны ауылдың сыртына апарып тастайды", - деді Талғат Лекеров.

Назерке Саниязова

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!