Министрлер облыс әкімі, облыс әкімдері министр болды: Қазақстанда шенеунік тапшы ма?

Министрлер облыс әкімі, облыс әкімдері министр болды: Қазақстанда шенеунік тапшы ма?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Үкімет құрамында күзгі ауыс-түйіс жүріп жатыр. 10 министрлікте басшы ауысты. Соның ішінде екі экс-министр ірі өңірлерге әкім болып кетсе, бұл өңірлердің әкімі керісінше министр болып тағайындалды. Мысалы, су мәселесі біраз уақыттан бері дауға айналған Жамбыл облысының әкімі енді Қазақстанның Су министрлігін басқарады. Massaget.kz тілшісі саясаттанушылармен сұхбаттасып, бұл ауыс-түйістің себебін сұрады.

Ауыс-түйіс қоғам арасында қызу талқыланып, тіпті әзілге де айналып кетті. Саясаттанушы Әміржан Қосанов та бұл туралы "Жаңа Қазақстанның бір айрықша белгісі - кадр тұрақсыздығы болды ма: "киләді, китәді, расстраивать итәді" - деп әзілдеді.

"Бұл Назарбаевтың кезінде де болды"

Саясаткер Дос Көшім мәселе кадр тапшылығында емес екенін айтады. 

"Министрді алса, оның орынбасары, орынбасарын алса, бөлім бастығы дегендей билік өзінің бағытындағы шенеуніктерді, қызметкерлерді дайындап қояды, бірінен кейін бірі келе береді. Өкінішке қарай, бізде өз пікірімен, өз ойымен келетін, өзіндік позициясы бар мемлекет қызметкерлері жоқ. Бәрі - орындаушылар. Сондықтан бәрі бір сипатта, бір адам сияқты. Облыстың әкімдеріне келсек, белгілі бір қызмет бағытында сол саланың маманы есебінде қабылдамайды. Облыстың әкімі бізде тек басшылық тұлға сияқты. Яғни Президенттің айтқанын орындаушы ғана. Ол архитектор бола ма, ол қаржыгер бола ма, күштік құрылымның басшысы бола ма, менің ойымша, оған соңғы тағайындау қарамаған сияқты. Бұл - өте қауіпті құбылыс. Оның өте үлкен кемістігі бар. Себебі облыстық, өңірлік деңгейде әлеуметтік-экономикалық бағытты білетін адам баруы керек. Ауыл шаруашылығы министрінің, ішкі істер министрінің облыс басқаруы - басқа елдерде болмайтын, бізде ғана болатын жағдай. Қысқасы, менің ойымша, Президенттің  бағытын қолдайтын, соның адамдары біртіндеп кез келген мемлекеттік лауазымға қызметке отыра алатындай деңгейге жетті. Бұл Назарбаевтың кезінде де болды, бұл Тоқаевтың кезінде де қайталанып жатыр және ең қызығы Тоқаев ол туралы айтты. Ұмытпасам, бір ай бұрын Астана қаласы жөнінде айтқан уақытында көтерді. "Әркім өз мамандығымен жұмыс істеуі керек" дегенді айтысымен осындай ауысулар болып жатыр. Өзінің айтқаны басқа жақта қалды, нақты істе өз айтқанын ұстанбай отыр", - дейді Дос Көшім.

Саясаткердің сөзінше, қай істе болса да сол саланың маманы жұмыс істегені дұрыс.

"Кейбір адамдар министрлікке келетін шығар. Мысалы, кезінде Бердібек Сапарбаев вице-министр деңгейіне дейін жетті. Одан кейін қайта бір облысты басқаруға жіберді. Себебі ол Қызылорда облысын басқарған уақытында, шынында да, әкімдердің арасында аймақтық деңгейінде жақсы жұмыс істей алатынын көрсетті. Сондықтан ол министр болды. Әлеуметтік қорғау бағытында да министр болды. Министр болғаннан кейін де қайта келуге болады. Министр болу жаман деген сөз айтпаймын. Әңгіме - сол салада жұмыс істеді ме, сол салада жұмысын көрсетті ме деген мәселе", - дейді саясаткер.

"Нағашысы емес, жиені емес, досы емес екенін дәлелдеуі керек"

Дос Көшім тағайындаулар жүргізген уақытта жауапты тұлға халық алдында ол шенеунік не үшін тағайындалғанын толық түсіндіруі керек екенін айтады. Сонда ғана қоғамда артық сұрақ туындамайды.

"Ал екінші мәселе, менің ойымша, Президент немесе премьер-министр осындай адамдарды тағайындаған уақытта міндетті түрде қоғамға, Парламентке, биліктің алдында немесе журналистер алдында тағайындап отырған адамын неліктен тағайындағанын жақсы жағынан сипаттап беруі керек сияқты. "Ол адам мынадай жерде мынадай қызметімен көрінді, сондықтан ол осы облысты басқарып тұруға сай немесе министр болуға сай, себебі оның білімі бар, осы бағытта жасаған қызметтері бар" деп халықтың алдында ол өзінің нағашысы емес, жиені емес, досы емес екенін дәлелдеуі керек. Бізде оның біреуі де жоқ. Неліктен ауыл шаруашылығы министрі болған адам Қарашөкеев Жамбыл облысына барады? Неліктен барып жатыр? Соны түсіндіріп беру керек. Ішкі істер министрі Ақмола облысына барды. Егер Ақмолада Қазақстан бойынша қылмыс өте жоғары деңгейде болса, сол саланың адамын жіберуі сондықтан шығар. Оны халыққа түсіндіру керек", - дейді Дос Көшім.

Тағайындау барысында тағы бір маңызды мәселе бар екен. Дос Көшімнің сөзінше, тағайындаған адам да жауапты. Яғни келешекте қандай да бір мәселе туындаса, таяқтың бір ұшы тағайындаған тұлғаға да қатысты болуы қажет екен.

"Қойылған адам сол жұмысты дұрыстап жүргізе алмаса, оны қойған адам жауап беруі керек. Бұл кезінде де айтылды. Тоқаевтың кезінде де, Назарбаевтың кезінде де. Қызметкерлер дұрыс жұмыс істемесе, жемқорлыққа, қылмысқа барса, сотталып ұсталатын болса, қойған адам жұмыстан кетуі керек. Облыс басшылары сондай деңгейде жұмыс істей алмаған уақытта кім жауап береді деген сұрақ бар. Преьмер-министр ме, Президент пе? Кім тағайындағанында, шыны керек, біле қоймаймыз. Тағайындаған адам халыққа көрініп, дәлелдеу керек. Қорғаныс министрін бір жерге әкім етіп қойса, не айтады, білмеймін. Ондай жағдайға келеміз. Ішкі істер министрін қойған уақытта неге қорғаныс министрін бір жерге әкім етіп қоймаймыз деген секілді әңгіме ғой. Сондықтан бірінші халыққа түсіндіру керек, екінші мәселе өзі жауап беретінін білу керек. Конституцияда Президент атқарушы биліктің басшылығы деген сөз бар. Оны ұмытып кете береміз. Демек атқарушы биліктің бүкіл жұмысына жауап береді. Бізде олай істемейді. 3-4 жылдан кейін облыстың әкімі ауысады, сөгіс алады, бірақ соны қойған адам еш уақытта сөгіс алмайды", - дейді ол.

"Әңгіме жаста емес"

Қоғамда министрлердің жасына қатысты да түрлі пікір бар. Бұған дейінгі Үкімет құрамында жастар болғаны белгілі. Халық арасында сол кезде жастардың билікке келуіне қатысты жағымды көзқарас қалыптасты. Ал Абай облысындағы төтенше жағдай кезінде жас экс-экология министрі сынға қалды. Саясаткер Дос Көшім қоғамдағы осындай пікірлер жас министрлердің биліктен кетуіне қаншалық әсер еткеніне жауап берді.

"Өз басым жасқа байланысты шарт қойғанға қарсымын. Демократиялы елдерде ешқашан ондай нәрсе болмайды. Кеңес Үкіметінде болған адамдардың қызметтен көбірек кетіп оның орнына тәуелсіз Қазақстанда оқып, білім алған адамдар келсін деген ой дұрыс шығар. Әңгіме жаста емес. Ең басты мәселе жаңадан саяси күш келуі керек. Ол партия болса да, бірақ партия мына жолмен жүреміз дегенде, өздерінің адамдарын алып келеді, жеңгеннен кейін өздері министр, орынбасарларын тағайындайды. Бұл - барлық өркениетті, демократиялы елде болатын мәселе. Бізде 30 жылдан асты мұндай жоқ. Қазір билікте жүргендердің бәрі сол - 1991 жылдан бастап келе жатқандар немесе солардың тағайындаған, дайындаған адамдары. Жасы не, кәрісі не, бәрі бірдей. Өйткені жаңа саяси күш, қозғалыс жоқ. Бізде ондай сайлау өтпейді. Сондықтан әртүрлі әңгіме айтамыз", - дейді Дос Көшім.

Ал саясаттанушы Әділ Сайлаубек ауыс-түйіс тақырыбына қатысты мәселені шешуде кадр резерві болуы қажет деп санайды.

"Соңғы тағайындауларға қарасақ, министрлердің әкім болып, әкімдердің министр болып жатқанын байқап отырмыз. Мемлекеттік басқару жүйесінде міндетті түрде кадр резерві қалыптасуы керек. Кадр дайындау ең өзекті мәселе болғанын байқатып отыр", - дейді Әділ Сайлаубек.

Айта кетейік, бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі басшылары қызметінен кеткен еді.

Елімізде 21 министрлік бар, ал Швейцарияда 7. Сарапшылар не дейді?

Министрліктер көбейді: Сарапшылар не дейді? 

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 5 жаңа министрлік құрылғаны хабарланған еді. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова