Алматыда жасөспірім энергетикалық сусындардың кесірінен ауруханаға түскен

Алматыда жасөспірім энергетикалық сусындардың кесірінен ауруханаға түскен
Фото: Фото: Freepik.com

Алматыда 17 жастағы жасөспірім күнделікті энергетикалық сусын мен фаст-фуд тұтынып, салдарынан алты айдан кейін денсаулығы күрт нашарлаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Науқас №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына "гемофилия В" диагнозымен түскен. Бұрын жасөспірімге қан ұюының IX факторының төмен деңгейі диагнозы қойылған. Тексеру кезінде жасөспірімнен жоғары температура, еріннің қанауы, ауыз қуысының жаралары, буындардың ауыруы және мұрыннан қан кету байқалды. Жасөспірім жүре алмағандықтан, оны арбамен әкелген.

"Алматы қаласы бойынша тәжірибелі дәрігер - бас балалар гематологы, №2 балалар ауруханасы гематология бөлімінің меңгерушісі Ұлжалғас Өскенбаева жігіттің IX фактор көрсеткіші гемофилияның орташа ауыр түріне сәйкес келетінін ескертті. Бірақ 17 жыл ішінде гемофилияның белгілері ертерек пайда болар еді. Сонымен қатар, VII фактордың төмендеуі байқалған. Жасөспірімде коагулограмма бойынша гемофилияға сәйкес келмейтін механизмнің ішкі және сыртқы бұзылулары бар", - делінген дәрігерлердің хабарламасында.

Жасөспірімнің ауру тарихымен танысқаннан кейін дәрігер үш жыл бұрын оған ота жасалғанын білген, бірақ ота барысында гемофилияға тән ауыр немесе тоқтаусыз қан кету байқалмаған.

"Кейін дәрігерлер жасөспірім энергетикалық сусындарды күделікті ішкенін білді. Алты ай бойы энергетикалық сусын ішіп, фаст-фудпен тамақтанған. Салдарынан бауыр жұмысы нашарлаған.

Біз балаға бауыр функциясының бұзылуы диагнозын қойдық. Бауырдағы коагуляция факторларының синтезі бұзылған. Бұл - протромбин факторларының жетіспеушілігі. Ал гемофилия диагнозы расталмады. Емдеуге "К витаминін" енгізу оң нәтиже берді - қанның ұюының барлық факторлары және бауыр функциясы қалыпқа келді", - деп қорытындылады дәрігер Ұлжалғас Айтжанова.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә