"Байерлік өмірге көзқарасымды өзгертті". Қазақстандық кәсіпкер Түркиямен сауда жасау құпиясын бөлісті

Қазіргі таңда халықтың көпшілігі тауарды Түркия немесе Қытайдан тікелей алдыртады. Мұндай саудаға дәнекер болып жүрген байерлер қатары да көп. Солардың бірі Түркия мен Қазақстан арасындағы байер Айдана Тілектесовамен екі ел арасындағы сауда айырмашылығы мен бағасы туралы Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

"Біздің аяқ киімдерден иіс шығады"

Айдана бірнеше уақыттан бері Түркия мен Қазақстан арасында саудамен айналысып жүр. Ол маусым сайын киімнің бірнеше түрін елімізге жібереді. Бұл кәсіппен айналысуға жолдасының қолдауы себеп болған. 

Бұған дейін де ойымда көп идеялар жүретін. Құдай адам миына жүзеге асыра алатын ғана ойды салады деп ойлаймын. Идея келгеннен бастап, әлеуметтік желілердегі байерлерді зерттей бастадым. Бір қызығы, әулетімізде ешкім саудамен айналысқан емес. Бұрыннан өзім әдемі киінгенді, сәнді зерттегенді ұнататынмын. 20 жасымда шағын киімдер дүкенін ашқан едім. Біріншісінен-ақ, жақсы нәтижеге жеттім. Бәлкім, осы тәжірибелер үлкен қалада саудамен айналысуға әсер еткен болар.

Тұрмысқа шыққаннан кейін де күйеуімнің қолдауымен үйде де саудамен айналысып жүрдім. Ер-азаматтың қолдауы қашан да керек. Өзімді жоғалтып алмауыма да сол себеп болды деп ойлаймын. Сауданы жақсы көріп істегендіктен, әрқашан ізденісте жүретінмін. Жолдасым түрік тілін жақсы біледі. Сөйтіп, бір күнде билет алып, кәсіпті бастау үшін жолдасым екеуміз Ыстамбұл қаласына ұшып кеттік. 

Оның айтуынша, Түркияда сауда жасау мәдениеті қалыптасқан. Айырмашылығы да көп. 

"Білсеңіздер, елімізде отандық киімдер өте аз. Соған сай бағасы да қымбат. Ал басқа жақтан Пекин, Түркия, Бішкектен әкелетін киімдер көп болғанымен, сапасы әртүрлі. Түркияда да сондай. Сапалысы, сапасызы да жетеді. Бірақ олардың бізден айырмашылығы - өздері тігіп шығаратын тауарлар көп. Сатушының өзі тігіп, толық білгендіктен, алатын тауарыңыз туралы ашық түсіндіріп береді. Сол үшін де сапалы, әрі арзан деп айтар едім. Ал бізде иіс шығады, жіптері шығып кетеді", - деді ол.

"Түркиялықтардың бізге келсе үйренері көп"

Айдананы Түркиядағы сауда мәдениетінің қалыптасқаны таңғалдырған. Яғни, тұтынушының барлық жағдайы жасалған.

"Кез келген адам шетелге шықса, дүниетанымың өзгереді, көп нәрсені көресің. Бастапқыда Ыстамбұл базарына барып, бәрін зерттедік. Мұнда қарапайым, адам ойына келмейтін заттарды сатады. Сонымен қатар, келген әр тұтынушыға су беріледі. Бұған халық та үйренген. Келушіні жылы қарсы алады. Мұның бәрі сауда мәдениетінің қалыптасқанының көрінісі дер едім. Негізі саудада адамдар бір-бірінен тәжірибе алмасады. Бұл бір елдің мықтылығынан, не кемшілігінен емес. Түркиялықтардың да бізге келсе үйренері көп болар еді

Жалпы біз барғанда жолдасым көп жауапкершілікті өзіне алды. Соның арқасында маған жеңіл болды. Ал біз секілді байерлікті бастауға қадам басқан бойдақ қыз-жігіттерді көргенде оларға "жарайсың" деп айтқым келеді. Себебі көп күш адамның өзіне түседі. Бұл да оңай емес. Жолдасымен бір толқында болған адамдарға сауда, байерлік тез жетістікке жетуге көмектеседі. Екі жақтап, бір-бірін қолдайды", - деді Айдана. 

Оның айтуынша, маусымға сай тұтынушылардың да сұранысы өзгеріп тұрады.

"Әр мезгіл сайын түрлі тауар жібереміз. Тұтынушымен бір толқында болу үшін "қазір маған не қажет?" деп жиі ізденісте жүремін. Мезгілге сай киімдер таңдаймын. Киімдердің сапасына, әдемілігіне қатты мән беремін. Сәнді зерттеп, қай модель сұраныста екенін жиі қарап отырамын. Маған хабарласқан әр тапсырыс берушімен ашық әңгімелесуге тырысамын. Себебі кейбір адамдарда артық салмақ болады. Ал біреулер өте арық болады. Соған сай кеңес айтып, таңдасуға көмектесемін. Тауар клиенттің көңілінен шығу керек. Сондай-ақ, басты ереже саудада өтірік болмау керек", - деді Айдана

"Сапалы байерді таңдау үшін..."

Негізі Түркияда байерлік бойынша бәсекелестер көп. Бұрыннан бері қалыптасқандары да бар. Айдананың айтуынша, мұндай бәсекелестікте әркімнің өз жолы болуы керек.

"Шетелде сауда жасау оңай жұмыс емес. Бізде екі рет әлеуметтік парақшамыз кілттеніп қалды. Ал Түркияда ешкімді танымайсың, мұндай жағдайда не істеу керегін білмейсің. Жолдасымның арқасында мұның барлығын жеңіп шықтық. Кез келген елдің жақсы, жаман жағы көп болады. Тіпті күйзеліске түсіп кеткен кездерім де болды. Сондайда қасыңда қолдау болатын адамыңның бары жақсы.

Мұнда жергілікті саудагерлер өте жақсы көмектеседі. Тіпті бірнеше есе бағаны түсіріп береді. Бірақ бізден бұрын қалыптасқан байерлер бұдан да арзан бағаға алады. Бастапқыда тауарымызды өткізу үшін өз бағасында бердік. Жеңілдіктер де жасадық. Көбіне топтама етіп сату жақсы өтетін еді. Мәселен, сөмке және аяқ киімді тиімді бағада бірге саттық. Оны сатып алғандар әрқайсысын Қазақстандағы бағамен сатса, жақсы бағалар еді. Әр маусым сайын сататын тауарларымыз да өзгеріп тұрды. Енді күздік және қыстық киімдерді сатуға кірісеміз. Түрік тілі - ең оңай тіл. Сөйлеп жүріп үйреніп кеттік. Сондай бауырмал халық деп айтар едім. Жаны ашып, көмектескісі келіп тұрады. Түбі бір түркі тілдестер деп бекер айтылмаса керек", - деді ол.

 Айдана кез келген саудагерге алданбас үшін арнайы ақыл-кеңесін айтты.

"Жарнама жасарды саудадағы ісіне мән беруі керек. Сапалы байерді таңдау үшін міндетті түрде алатын тауардың шыққан фирмасын сұрау керек. Сондай-ақ, қанша уақытқа дейін шыдайды - бәрін нақтылап түсініп алған жөн. Егер өз ісін білетін маман болса, қайсысы жақсы, сапалы, қанша уақытқа дейін шыдайтынын айтып береді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі парақшаларын үнемі аңдып отыру керек. Реті келсе, таныс арқылы тапсырыс берген дұрыс. "Беті жылтырақ" саудагерлер қазір көбейген. Қай салада да өз ісінің маманын таңдау керек. Мысалы, мен кез келген тауарды жалпақ тілде ашып түсіндіруге тырысамын. Саудада бұл маңызды. Клиент өзінің не алатынын білуі керек. Басқалардан айырмашылығым да сол шығар. Себебі көпшілігі "нақты түсіндіресіз" деп айтады. Кейбіреулер идея да сұрап жатады. Саудагер болу өте қиын жұмыс. Жүк тасушы да, саудагер де өзің боласың. Түрлі оқиғалар кездеседі. Кейде жоспарлап барып келісіп тұрғанда тұтынушылар бас тартып жатады немесе телефон алмай қалады. Мұндай кезде ешкімге ренжімейсің", - деді Айдана.

Еске салайық, бұған дейін Air Astana түркиялық клубқа 7,5 миллион доллар бөлетіні туралы жарияланған болатын.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!