Шымкентте құны 1 миллион теңге болатын қымбат техниканы қолды еткен ұры ұсталды

Шымкентте құны 1 миллион теңге болатын қымбат техниканы қолды еткен ұры ұсталды
Фото: Видеодан алынған кадр

Шымкентте теннис орталығынан құны 1 миллион теңгеден асатын техниканы ұрлаған рецидивист ұры ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұрланған ноутбуктер мен смартфондар елордадан теннис турнирін өткізуге келген комиссия мүшелеріне тиесілі болып шықты. Бейнекамералардағы жазбаларды зерделеу кезінде қаскүнем теннис ойнауға келгендей спорт орталығына емін-еркін кіргені және ашық тұрған қызметтік бөлмеден қымбат техниканы қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалағаны белгілі болды.

Күдікті - бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған 27 жастағы қала тұрғыны. Оның тағы 7 ұрлыққа қатысы бары анықталды. Күдікті тағы бір ұрланған смартфонды кездейсоқ сатып алушыларға өткізу үстінде ұсталды. Ол бір ай ішінде өзгенің 4 ұялы телефонын, ноутбук пен 2 ойын приставкаларын иемденген. Осылайша, емдеу орталығының, интернет-клуб және стоматологияның жұмысшылары мен шаштаразға 2 миллион теңгеден аса шығын келтірілген.

188-баптың 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған ер адам қамауда.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова