Өндіріс кәсіпорындарында 5 жыл сайын аудит жасалу керек - Тоқаев

Өндіріс кәсіпорындарында 5 жыл сайын аудит жасалу керек - Тоқаев
Фото: 7kun.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында өндіріс кәсіпорындарында 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасалу керегі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Болашақта да солай болуға тиіс.

Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымданып жатыр.

Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындарында 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасалуы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс", - деді Тоқаев. 

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялатыны хабарланған еді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек