"Жергілікті биліктің жаны ашымайды". Қызылордалық тұрғындар жанайқайларын жеткізді

Қызылордалық бір топ тұрғын балаларының қауіпсіздігі үшін қатты алаңдаулы. Өйткені балалар көлігі көп көшеде ойнауға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Редакцияға хабарласқан Жеңіс Мұстафаұлының жасы бүгінде сексенге жақын. Немере-шөберелерінің бәрі ойын жасынан әлдеқашан асып кеткен.

"Бес уақыт намазымды оқып, газетімді оқып жата берсем болар еді. Бірақ басқа балаларды аяймын. Әкімдік жағалап жүргенім де, сіздерге хабарласқаным да содан", - деді ол.

Қария ширек ғасырға жуық уақыттан бері облыс орталығындағы Арай шағынауданының Талап көшесінде тұрып жатыр. Оның айтуынша, ең үлкен әрі кең көше осы болғандықтан, көршілес Шөкенов, Бәйшешек, Мәуелі, Кетебай би көшелерінің кішкентай тұрғындары кең жерге жиналады. Секіреді, жүгіреді, ойнайды. Ал көліктер үзіліссіз жүйткіп жатыр.

"Алты сотық жер қаншама жылдан бері бос тұр. Иесін көрген емеспін. Қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебайдан соны босатып, шағын ойын алаңына айналдырып беруін сұрағанбыз. Қалалық мәслихат депутаты Раушан Ысқақова да келіп, жағдаймен танысты. Бірақ қозғалыс жоқ. Бұрынғы депутат (қалалық мәслихаттың - еск.) Бақыт Аяғанова су тартуға, газ әкелуге, көшеге асфальт төсеуге ықпал жасап еді. Қазіргілерден ондай белсенділік, халықпен тығыз байланыс байқалмайды", - деді қала тұрғыны.

Арай шағынауданына он жыл бұрын қоныс аударған Нысанкүл Байсымақованың үш немересі мектеп жасында.

"Бүкіл бала осы жерде. Терезені сындырып қоя ма, сылақты түсіре ме деп қайта-қайта ескертумен боламыз. Ең қиыны, көлік қатты келе жатса, қорқынышты", - деді ол.

Балалар негізінен Б.Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицейіне қатынап оқиды. Бірақ онда тура баратын қоғамдық көлік жоқ. Бұл да балалы отбасылардың басты мәселесі.

"Маршрутты соған бұру керек. Ауырып қалсақ, емханаға баратын да автобус жоқ. Жергілікті билік халықтың жағдайымен санаспайды, жағдай жасамайды, жаны ашымайды", - деді Тындыбек Қожахметов.

Ойын алаңы болғанын ол да қолдайды. Иесі бар бола тұра алты сотық әлдеқашан қоқыс алаңына айналып кеткен. Жазда ешкім шөбін шаппайды, күзде қурап, өртенеді.

Тындыбек Қожахметов тағы бір мәселе туралы айтты.

"Жақын жерде канал бар. Содан биылдыққа су тартқыш арқылы үш-төрт рет қана су айдады. Бұрын бұл жер саяжай болған. Аяқсу мәселесін шешіп берсе, біздің көшелер де сол кездегідей жайқалып тұрар еді", - деді ол.

Тұрғындар бәрінен бұрын әкімдік ең болмаса футбол алаңын салып бергенін қалайды. Көлік ағылған көшеде жол белгісі де, камераның жоғы да қынжылтып отыр.

"Екі-үш жыл бұрын Абай даңғылындағы аялдамада адам қағып кеткені естен шыға қоймаған болар. Сол сияқты балалар бәлеге ұшырамаса екен деймін. Түрғындарға жағдай жасасаса екен", - деді Жеңіс Мұстафаұлы.

Назерке Саниязова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!