Қызылорда өңірінде Мұхтар Шаханов ән айтса, Иманғали Тасмағамбетов мектепке барып жүр

Мұхтар Шаханов, Мәдина Ералиева, Иманғали Тасмағамбетовтер Қызылорда облысынан екенін біліп пе едіңіз? Ол рас. Жаңақорған ауданына жолыңыз түссе, танымал тұлғалармен аттас адамдарды жиі кезіктіресіз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның бірі бизнеспен айналысса, бірі бала күтімімен үйде отыр. Ал бірі әлі мектепке барады. 29 жастағы Мұхтар Шахановтың есімін әкесі қойған. Ол бұл өзіне жауапкершілік жүктейтінін жақсы түсінеді. Кез келген жерде атына заты сай болуға тырысады.

"Ағаның ақындық өнері дарымағанмен әншілік жолда жүрмін. Аты-жөнімді атап шақырғанда көбі "атамыз келе жатыр" деп күтеді екен", - деді Мұхтар.

Ал қаламгермен жолығып, сұхбат құру - оның бала күнгі арманы.

Кішкентай Иманғали Тасмағамбетов биыл Жаманбай батыр (бұрынғы Бесарық) ауылдық округіндегі Ж.Қыдыров атындағы №54 орта мектептің үшінші сыныбына өтті.

"Үлкендер кейде "министр бала" дейді. Халық сыйлайтын азамат болсын деген ниетпен атын нағашы атасы қойған еді. Шүкір, ұлымыз жан-жақты, жақсы оқиды", - деді Иманғалидің анасы Гүлдана Досаева.

Ал Мәдина Ералиева марқұм әнші апасының жолын қуып жүр.

"Ес білгелі ән айтамын. Мәдинаның бойтұмары болған "Ақбаянды" кішкентай кезімнен бері орындап келемін. Алматыда өткен "Айгөлек" телевизиялық байқауына 8-сыныпта алып шыққанмын. Әншілігім болмаса, даусым ұқсамайды", - деді ол.

Ол Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ-ді музыкалық білім мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірді. Жолдасы да әнші, жақында сәби сүйген. Түркістанда тұрып жатыр.

"Бұрын аты-жөнімді естігенде жұрт таңғалып, онша сенбейтін. Анам ерінбей "метіркемді" көрсететін. Қазір Мәдина Ералиева деген әнші болғанын жастар біле бермейді", - деді ол.

Сонымен қатар, Жаңақорған - Жамбыл Жабаев, Сәбит Мұқанов, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Ғани Мұратбаев, Шоқан Уәлиханов, Олжас Сүлейменов есімді жандар да жетерлік. 

Назерке Саниязова

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!