"Жұмыстан шығарамын деп қорқытты": Коллекторлардың құқығы қандай?

Қазіргі таңда несиесі бар борышкерлерді коллекторлар мен сот орындаушылары қорқытатын жағдайлар жиі кездеседі. Редакциямызға оқырманымыз олардың құқықтары туралы сұрап, хат жолдаған болатын. Сот орындаушы мен коллекторлардың құқығы туралы Massaget.kz тілшісі заңгермен хабарласып, сұраққа жауап алды.

"Туысқанымның баласы несие алып, менің нөмірімді берген еді. Енді маған сот орындаушысы хабарласып қоймайды. "Хат жіберіп, жұмыстан шығартамын" деп қорқытты. Сотқа келіп куәлік етуімді сұрады. Олардың қандай құқығы бар?", - делінген жолданған хатта.

Бұл сұраққа заңгер, медиатор Назерке Айбас жауап берді. Оның айтуынша, коллектор да, сот орындаушы да борышкерді жұмыстан шығаруға құқығы жоқ.

"Коллектор борышкерге аптасына 3 рет қана жұмыс уақытында қоңырау шалуға, кездесуге құқылы. Олар телефон соғып хабарласқан кезде алдымен аты-жөнін таныстырып, компанияның тіркеу нөмірін айтуы тиіс. Сот орындаушы несиесі бар адамның тек қана есеп шотын бұғаттап, айлығынан 50 пайыз комиссия ұстап қалуға  келісім-шарт жіберуге құқылы. Ал жұмыстан шығарамын деп қоқан-лоққы көрсете алмайды. Мұндай заңсыз іс-әрекетке тап болған жағдайда, оның үстінен сот орындаушылар палатасына арыз түсіруге болады.

Ал коллекторлар қоқан-лоққы көрсетіп, шектен тыс әрекет жасаса, Ұлттық банкке хабарласып, коллекторлық компанияның атына арыз жазуға болады. Сондай-ақ, бастысы - коллекторлардың борышкердің қарызы туралы үшінші адамға айтуға және демалыс, мереке күндері хабарласуға құқығы жоқ", - деді заңгер.

Еске салайық, бұған дейін коллекторлар жайлы аңыздар туралы жарияланған болатын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз! ре