Премьер-министр депутаттарға Президент жолдауларының орындалуы туралы есеп берді

Мемлекет басшысының Жолдаулары қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Мәжілістегі "AMANAT" фракциясының кеңейтілген отырысында баяндады.

Мәжіліс Спикері, "AMANAT" партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов фракцияның кеңейтілген отырысын аша отырып, Мемлекет басшысы әр Жолдауында елімізде әділдік пен демократия принциптерін орнықтыру және нығайту жолында жүйелі түрде, кезең-кезеңімен жағдай жасап келе жатқанын айтты.

"Бүгін жаңа саяси маусымның қарсаңында біз тағы бір дәстүрді бастағалы отырмыз. Алғаш рет фракция отырысында Президенттің жолдауларының орындалуы жөнінде премьер-министрдің ақпаратын тыңдайтын боламыз. Сондықтан басым дауысқа ие болған партия ретінде фракция отырысына Үкімет басшысын арнайы шақырып отырмыз", - деді Ерлан Қошанов.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Президент жүктеген міндеттерді орындау бойынша Үкіметтің атқарған жұмысын баяндады. Оның айтуынша, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны тек соңғы 1 жылда 27%-ға өсіп, 1,8 млн-нан асты. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны бір жылда 18%-ға артып, 4,1 млн адамға жетті.

Үкімет басшысы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатқаны туралы айтты. Саланы субсидиялау көлемі 430 млрд теңгеге дейін өсті.

"Ауыл аманаты" арнайы бағдарламасы бойынша ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс басталды. Осы мақсаттарға 1 трлн теңге, оның ішінде, биыл 100 млрд теңге бағытталады. Бүгінде 29 млрд теңге сомасында 5,3 мың шағын несие берілді. Нәтижесінде 4,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды", - деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар, жаңа Әлеуметтік кодекс қабылданды. Ол азаматтарды туғаннан бастап егде жасқа жеткенге дейін әлеуметтік қолдауды көздейді.

Бұл ретте, жыл сайын мұғалімдердің жалақысы 25%-ға, дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, орта медициналық персоналдың және басқа санаттағы жұмыскерлердің жалақысы 20%-ға арттырып келеді. Ертеңнен бастап 380 мыңнан астам студенттің стипендиясы өседі.

Мәжіліс Спикері Парламенттегі жаңа сессиясының ашылуы қарсаңында осындай жиын өткізудің өте орынды екенін атап өтті.

"Қазіргі уақытта Үкіметтің барынша жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Ең бастысы, Президент жүктеген міндеттер орындалып жатыр. Азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша оң қарқын байқалуда. Фракция депутаттары Үкіметпен бірге Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жолында осы қарқынды сақтап қалуы қажет", - деп қорытындылады Ерлан Қошанов.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!