Тосапты қайнатып дайындау жеміс-жидектердің дәрумендерін "өлтіріп" тастамай ма? Нутрициолог жауабы

Тосапты қайнатып дайындау жеміс-жидектердің дәрумендерін "өлтіріп" тастамай ма? Нутрициолог жауабы
Фото: pixabay.com

Тосапты көпшілік жеміс-жидектерді қантпен қайнату арқылы жасайды. Тосапты қайнатқан кезде жеміс-жидектердің дәрумені толықтай кетіп қалмай ма? Тосап оның ішіндегі қанттың себебінен зиян емес па? Тосап пайдалырақ болу үшін оны қалай дайындаған дұрыс? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне интегративті нутрициолог Ажниязова Айымгүл жауап берді.

Маманның айтуынша, тосап оны қайнатқаны үшін емес, оған көп қант қосылатыны үшін пайдасыз екенін ескертті.

"Тәтті тосапты дайындаған кезде көпшілік өнімдерді бірге бір қолданады. Мысалы, 1 кг тәтті өрікке 1 кг қант қосады. Егер аздап қышқыл немесе дұрыс піспеген өрік болса, тіпті, 1,5-2 кг қант қосады. Жеміс-жидектегі пайдалы заттар өте көп мөлшерде желініп жатқан қанттың қасында азайып, тіпті, жоқ болып қалады десек болады. Сондықтан тосап қайнатылған себептен пайдасыз емес, өте көп мөлшерде қант қосылатындықтан пайдасыз. Ал тосапқа қантты аз қосса, ол бұзылып кетеді. Сондықтан менің маман ретіндегі жеке ойым, жеміс-жидектер маусым кезінде желінуі керек, ал маусым емес кезінде оны қатты сағынатын адамдар арасында алып тұрса немесе тоңазытқышқа қатырып қойып жесе болады", - деді Ажниязова Айымгүл.

Нутрициолог тәтті тосапты қыста да, жазда да шаймен жейтін адамдардың денсаулығында проблема туындауы мүмкін екенін айтты.

"Үнемі жерқойманы құтылармен толтырып қою міндетті емес. Жеміс-жидектерді қантпен араластырып, оны қайнатып тосап жасап, содан соң қыс бойы және жаз бойы онымен шай ішетін адамдардың бауырын май басып жатады, өттері тұрып қалады, аллергиясы ушығады, буындары сырқырайды. Себебі қант біздің ағзамызға түскен кезде барлық органдарға кесірін тигізеді", - деп ескертті ол. 

pixabay.com

Ажниязова Айымгүл қант алмастырғыштармен де әуестенудің қажеті жоқ екенін айтты.

"Біреулер тосапты пайдалырақ етіп жасау үшін оны белгілі бір қант алмастырғыштармен жасап жатады. Мен жеке өзім олай жасамаймын. Біріншіден, қант алмастырғыштардың бағасы қантқа қарағанда қымбатырақ. Екіншіден, қант баяғыдан келе жатқан тағам, оны біз зерттедік, зиянын көрдік. Ал қант алмастырғыштар салыстырмалы түрде жақында шыққан өнім. Яғни, қант секілді оның зиян көретіндей уақыт болған жоқ және ол толықтай зерттелген жоқ. Сондықтан қант зиян екен деп барлығымыздың қант алмастырғыштарға жүгіргеніміз дұрыс емес деп ойлаймын. Сондай-ақ оны да қант көлеміндей қолданып, тосап жауып қолдансақ, дәл сондай зиян көреміз. Сондықтан тосапты тіпті қайнатпауға болады. Егер үйдің дұрыс жеміс-жидектері болса, көбісін кептіріп алуға немесе қатырып алуға болады", - деді маман.

Сондай-ақ дәрігер әр адам өз денсаулығы үшін бұрыннан қалыптасып қалған кей әдеттерден бас тарту керегін түсіндірді.

"Дұрыс тамақтануда халқымыздың жиі қарсы шығатын нәрсесі - осындай әдет болып кеткен нәрселерден бас тарту. Мысалы, оларға қанттан, тосаптан бас тарту өте қиын. Бұл ерсі болып естілетін шығар, десе де денсаулық керек болса, мұндай әдеттерден бас тартқан жөн. Бізге дейінгі заманда аналарымыз емес, әжелеріміздің заманында, мысалы, тосап ешкім жаппаған. Ең бастысы - ойлауыңызды өзгертіп, мимен дайындалу. Мен өзім балаларыма қолдың жеміс-жидектерін тоңазытқышқа қатырып беремін. Себебі кептіретін арнайы құралым жоқ. Мысалы, қыста балаларым десерт жегісі келсе, кеселеріне қатырылған жүзім, қарақат, құлпынай, таңқурай, шие салып беремін. Бұл бір жағынан балмұздақ секілді, ал екінші жағынан – пайдалы десерт", - деп қорытындылады ол.

Еттен кейін газдалған сусын ішу дұрыс па? Мына жерден оқыңыз.

А. Жапатова