Өзіңіздің кредиттік тарихыңызды қалай тексеруге болады?

Өзіңіздің кредиттік тарихыңызды қалай тексеруге болады?
Фото: pixabay.com

Егер осы уақытқа дейін банктен кредит рәсімдеген болсаңыз, онда сіздің кредиттік тарихыңыз бірден қалыптаса бастайды. Кредиттік тарихта кредиттер, оны қайтару мерзімі және мерзімі өткені жайлы деректер сақталады. Кредиттік тарихтың жақсы болуы маңызды. Ендеше, egov.kz мәліметтеріне жүгіне отырып, өзіңіздің кредиттік тарихыңызды қалай тексеруге болатынын ұсынамыз.

Кредиттік тарих не үшін қажет?

Егер кредиттік тарихыңыз жақсы болса, сіз үлкен сомадағы кредитті оңай ала аласыз. Ал егер сіз алдыңғы кредиттеріңізді уақтылы төлемесеңіз немесе мүлде төлемей қойсаңыз, онда банк сізге қарызға ақша беруден бас тартады. Егер сіз ешқашан кредит алмаған болсаңыз, онда сіздің кредиттік тарихыңызда жазба болмайды.

Банк сіз кредит рәсімдейтін кезде кредиттік бюролардан деректерді сұратады. Мысалы, сіз кредит алып, оны уақытылы төледіңіз. Бұл ақпарат сіздің кредиттік тарихыңызда тіркеледі. Кейін сіз басқа банктен кредит алғыңыз келеді, сол кезде банк алдыңғы кредитті уақытылы қайтарғаныңызды көреді және сізді сенімді клиент ретінде қабылдайды.

Кредиттік тарихты қалай тексеруге болады?

Заң бойынша Қазақстанның әрбір азаматы өзінің кредиттік тарихын күнтізбелік жылда бір рет тегін біле алады. Егер бір күнтізбелік жыл ішінде қайта сұрау салынатын болса, онда көрсетілетін қызметке 400 теңге төлейсіз.

Оны онлайн режимде білудің мынадай амалдары бар:

  • Бірінші кредиттік бюроның сайты немесе 1CB.kz мобильді қосымшасы арқылы (ЭЦҚ талап етіледі);
  • Egov.kz сайтындағы Дербес несие есебін алу онлайн қызметі арқылы. Өтінімді толтырасыз, ЭЦҚ арқылы қол қоясыз, нәтижесін "Жеке кабинетке" кіріп көре аласыз.

Ал оффлайн режимде мына жерлерге барасыз:

  • "Азаматтарға арналған үкімет" МК КЕАҚ филиалдарында;
  • "Қазпошта" АҚ бөлімшелерінде жеке куәлікті ұсынған кезде көрсетіледі.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық заңгер кредиттік тарихты жақсарту жолдарын ұсынған болатын.

А. Жапатова