Ажар Ғиният Қарағандыда балалардың жаппай улануына қатысты пікір білдірді

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният кулуарда Қарағандыда балалардың жаппай улануына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Гинияттың айтуынша, бұл іс бойынша Бас прокуратура тексеріс жргізіп жатыр.

"О бастан екі баланың жағдайы ауыр болды, біз бұл туралы алғашқы күннен-ақ айтқанбыз. Осы уақыт бойы дәрігерлер олардың өмірі үшін күресті. Қазір бесеуі ауруханада, оның екеуі жансақтау бөлімінен мамандырылған бөлімге ауыстыру жоспарланып жатыр. Зертханалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бір-екі айдың ішінде өткізілетіндері де бар. Сондықтан Бас прокуратура тексерісінің қорытындысын күтіп отырмыз", - деп жауап берді Ғиният.

Премьер-министрдің орынбасары-еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова комиссия жұмысының қорытындысы қашан белгілі болатынын нақты атады.

"Қазір облыс әкімдігі жанынан құрылған комиссия өз жұмысын аяқтап жатыр, 5 қыркүйекте нақты не болды, қандай себеппен болғаны туралы қорытындыларын жариялайды", - деді Дүйсенова.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бір бала қайтыс болғаны хабарланды. 28 тамызда тағы бір бала қайтыс болғаны белгілі болды. 

Орталықта 30 шілдеде екі бала өзін нашар сезінген. Олар құсып, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылған.

Қазір бес бала жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы тұрақты ауыр.

Айта кетейік, Ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келген еді. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді. Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Қылмыстық іс қозғалды және Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді. Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде заңның барлық қатаңдығы бойынша жауапты тұлға анықталып, жазаланатынын атап өтті. Мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен шеттетілді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!